Белгілі болғандай, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада және Паралимпиада ойындарында өзбекстандық спортшылар сәтті өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте екі бағыт бойынша да 13-орынды иеленген еді. Биыл 13 ақпанда өткен видеоселекторлық жиында Өзбекстанда олимпиадалық қозғалысты дамыту және алдағы жарыстарға тиянақты дайындық мәселесі көтерілген болатын. Осыған сәйкес, 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін XXXIV жазғы Олимпиада және XVIII Паралимпиада ойындарына дайындық жөніндегі қаулы жобасы әзірленді.
Қаулыда 10 басым міндет айқындалып отыр. Атап айтқанда спорт түрлерін басымдығы мен болашағына қарай жіктеу арқылы көбейту, нәтижелі спорт түрлерінің географиясын кеңейту, дарынды жастарды төменгі буыннан бастап ашық іріктеу, шетелдік тәжірибеге сүйенген ұлттық әдістеме қалыптастыру, ұлттық құрамалар үшін нәтижеге бағытталған оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, олардың материалдық-техникалық базаны жақсарту, халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту.
Сондай-ақ, 2028 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық бағдарламасы мен мақсатты көрсеткіштер белгіленіп отыр.
Жұмысты жүйелі ұйымдастыру мақсатында Ұлттық Олимпиада комитетінің 14 өңірлік бөлімшесі құрылды. Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғи Кенгеси төрағасы, облыс және Ташкент қаласы әкімдері Олимпиадалық қозғалысты дамыту жөніндегі Президенттің арнайы өкілі болады. Әр өңірге Спорт министрлігі мен Олимпиада комитетінен жауаптылар бекітіледі.
Негізгі мақсат – тек бір Олимпиадаға емес, тұрақты және берік негізге ие спорт жүйесін қалыптастыру. Осы мақсатта дарынды спортшыларды төменгі буыннан бастап кәсіби деңгейге дейін дайындау үшін үш кезеңнен тұратын «Жаңа Өзбекстан Олимпиада шыңдары» атты жаңа жарыс өтеді. Финалдық кезеңі жыл сайын Олимпиада қалашығында «Президент Олимпиадасы» ретінде өтпек. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Олимпиада орталықтарына қабылданып, кәсіби дайындалады.
Республикалық Олимпиада және Паралимпиада орталығы ұлттық құрама қорын дайындауға бағытталады. 2026 жылдан бастап оның қаржыландыруы республикалық бюджет есебінен жүзеге асады. Бұл орталық 8–11 сынып оқушыларына арналған мектеп, 1–2 курс студенттері үшін колледж ретінде жұмыс істейді. Қабылдау квотасы ұлғайтылады, ал колледж студенттері Спорт министрлігінің стипендиясын алады. Оқу-жаттығу үшін Олимпиада қалашығындағы нысандар орталыққа тегін түрде бекітіледі.
Сонымен қатар, спортшылар резервін кеңейту мақсатында жекеменшік спорт клубтарының қызметі жетілдіріліп, оларды ресми жарыстарға қатыстыру қамтамасыз етіледі. Үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ұлттық құрамаларға қабылдануы мүмкін болады.
Спортшылар мен бапкерлер үшін көптеген ынталандыру шаралары қарастырылған. Мысалы, беделді жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жоғарғы әскери оқу орындарына тікелей қабылданады. Сондай-ақ, шебер спортшыларды бастапқы буында дайындаған бапкерлерге үстемақы төленеді.
Мемлекет басшысы спорт федерацияларының қызметін тиімді ұйымдастыру, өңірлерде спорт инфрақұрылымын жақсарту, спортшылар мен бапкерлерді жан-жақты қолдау бойынша тапсырмалар берді.










