Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады

    Ташкент облысы Бостандық ауданында Мұғалімдер мен тәлімгерлер күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

    Президент Шавкат Мирзиёев сөзінің басында бар ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнап келе жатқан барлық ұстаздарды құттықтап, оларға шынайы құрметін білдірді.

    Биыл 11 қыркүйектегі Өзбекстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, білім беру жүйесінде елеулі жетістікке жеткен бір топ қызметкерге құрметті атақ, орден мен медальдар табыс етілген болатын. Олардың қатарында өз қаражаты есебінен мектеп салған қайырымды жандар, сондай-ақ білім саласына озық тәжірибелерді енгізуге үлес қосып жүрген шетелдік әріптестер де бар.

    Салтанатты шарады осы марапаттар иелеріне тапсырылды.

    – Мен көптеген сала өкілдеріне атақ, орден, медаль беремін. Бірақ ұстаздар марапатталатын күнді сағына күтемін. Кеудеңізді көркейтіп тұрған орден-медальдар құтты болсын. Елімізде жоғары марапатқа лайық жанкешті мұғалімдер көбейе берсін, – деді Президент.

    Марапат иелері атынан сөз сөйлегендер Мемлекет басшысына білім саласына ерекше назар аударғаны және ұстаз тұлғасына көрсеткен жоғары құрметі үшін алғыс айтты.

    Одан кейін саланы дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Оған бейнебайланыс арқылы бүкіл республикадан 40 мыңнан астам ұстаз бен тәлімгер қосылды.

    Мемлекет басшысы жиналыстағы сөзінде соңғы сегіз жылда еліміздің экономикасы екі есе өскенін, ішкі жалпы өнім көлемі жыл соңына дейін 130 миллиард долларға жететінін атап өтті.

    Осы экономикалық негізде өткен сегіз жыл ішінде білім және ғылым саласына жұмсалатын шығындар 6 есе артып, 378 триллион сум бөлінген. Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, ұстаздар мен тәлімгерлердің еңбек және тұрмыс жағдайларын жақсарту реформалардың ең басым бағыты болып қала беретінін айтты.

    Жиында білімнің барлық буындарын дамыту, жастар мен педагогтар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған бастамалар белгіленді.

    2017 жылы 4 мыңнан астам махаллада бірде-бір балабақша болмаған, қамту көрсеткіші 27 пайыздан аспаған еді. Бүгінде балабақшалар саны 38 мыңнан асып, қамту 78 пайыздан жоғарылады. Жақында жарияланған жаңа жеңілдіктер мен мүмкіндіктер арқасында мектепке дейінгі білім жетпеген бірде-бір махалла қалмайды, қамту көрсеткіші де 80 пайыздан кем болмайды.

    Балабақша басшылары мен педагогтардың жалақысы шамамен екі есе өсті. Жекеменшік балабақшалардағы тәрбиешілердің еңбекақысы мен бала шығынының бір бөлігі де бюджет есебінен өтелетін жүйе енгізілмек.

    Енді мемлекеттік және жекеменшік балабақша тәрбиешілерін жұмыстан қол үзбей жоғары білім алуға жағдай жасалады. Әр облыста Президент мектептері сияқты «Жаңа буын» балабақшалары ашылып, тәрбиешілер заманауи педагогикалық технологияларды үйренеді.

    Білімнің ең ұзақ әрі шешуші сатысы бұл мектептегі алған білім.

    Соңғы 34 жылда халқымыздың саны 2 есеге өсіп, 38 миллионнан асты. Қазіргі таңда мектептерде 6,5 миллион оқушы білім алуда. Соңғы сегіз жылда 500-ге жуық жаңа мектеп салынды, бар мектептер кеңейтіліп, 1 миллион оқушыға қосымша орын жасалды. 200 мыңнан астам ұл-қыздар жекеменшік мектептерде оқып жатыр.

    Енді оқушылардың қабілетіне қарай мамандыққа немесе жоғары білімге бағыттау үшін 9 және 11-сыныптарға бірыңғай мемлекеттік емтихан енгізіледі. Соның нәтижесінде шамамен 400 мыңға жуық 9-сынып түлегі техникумдарға қабылданады. Ал мектепте оқуын жалғастырып, жоғары оқу орнына түсуге ниетті жастар үшін пәндер таңдауына қарай тереңірек оқытылады.

    Жыл сайын ондаған мың мектеп оқушылары шет тілдері мен пәндерден халықаралық сертификаттар алуда. Енді мұндай сертификаттар мектеп бітіру емтихандарында да жарамды болады.

    Мемлекет басшысы кәсіби білім беру мәселесіне ерекше тоқталды. 2026 жыл жастарды заманауи кәсіптерге үйрету жылы болып жарияланатыны айтылды.

    Осы мақсатта Кәсіби білім беру агенттігі құрылады. Оның басты міндеті – 598 техникумның бәріне жаңа орта әкелу және халықаралық стандарттарды енгізу.

    Бір жыл ішінде 100 техникумда Германия, Швейцария, Қытай, Корея, Ұлыбритания сынды елдердің оқу орындарымен әріптестік орнатылып, ең озық кәсіби білім беру бағдарламалары енгізіледі.

    Сондай-ақ кәсіби дағдысы бар кез келген талапкер осы техникумдарда халықаралық бағалау жүйесі арқылы емтихан тапсырып, халықаралық сертификат ала алады.

    Жаңа оқу жылынан бастап Англияның Пирсон компаниясымен бірлесіп, аймақтардағы 14 техникумда «БИТЕК» халықаралық бағдарламасы басталды. Соның арқасында жастар туризм, ақпараттық технологиялар, медицина, құрылыс, логистика, электротехника, энергетика, машина жасау, биотехнология, креативті экономика сияқты сұраныс жоғары салаларда халықаралық стандарттарға сай мамандық иесі бола алады.

    Келер жылы өнеркәсіпте шамамен 45 миллиард долларлық 456 ірі жоба қолға алынады. Енді техникумдарда «инвестор – сала – техникум» тізбегі негізінде әр жобаға дуалды білім беру енгізіледі.

    Кәсіпорындармен нақты жобалары бар техникумдар арасында заманауи шеберханалар салу бойынша байқау өтеді. Жеңімпаздарға заманауи құрал-жабдықтар, спорт жабдықтары беріледі.

    Жалпы, дуалды білім алушыларды қамту 5 есе артады. Серіктес кәсіпорындарға 5 миллиард сумға дейін жеңілдетілген несие бөлінеді, дуалды білім арқылы істеп жүрген оқушыларға қатысты бірыңғай әлеуметтік төлем екі есе азайтылады.

    Жаңа технологияны меңгеру мен жұмыс табуда шет тілдерін білу өте маңызды. Сол себепті техникумдардағы шет тілдеріне бөлінетін сағат саны 4 есеге көбейтіледі.

    Президент шешіміне сәйкес, мектептерде кеңесші лауазымы енгізілуде. Олар 7-сыныптан бастап оқушыларды пәндерді меңгеруі мен кәсіби қызығушылығына қарай іріктеп, 9-сынып бітіргенде техникумдарға бағыттайды.

    Бұдан бөлек, биыл 11-сыныпты бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмаған 200 мың жас та техникумдарда 3–6 айлық қысқа мерзімді бағдарламалар бойынша мамандық игереді.

    – Біздің жаңа бастамаларымыздың мақсаты қандай? Әр баланы кәсіп арқылы табысты етсек, отбасылардың тұрмысы түзеледі, махаллаларда тыныштық орнайды. Менің ойымша, бұған ата-аналар да риза болады, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Техникум мұғалімдері мен шеберлерінің біліктілігін және қоғамдағы мәртебесін көтеру шаралары да белгіленді. Енді олар үшін кәсіби сертификаттау жүйесі енгізіледі. Ұлттық сертификат алғандарға айлықтың 30 пайызы, халықаралық сертификат алғандарға 50 пайызы мөлшерінде үстемақы төленеді. Бұдан техникумдардың 30 мыңнан астам педагогі пайда көреді. Сондай-ақ техникум директорлары мен орынбасарларының айлығы өседі. Енді техникумдарда да ғылыми дәрежелер мен атақ үшін үстемақы төленеді.

    Соңғы жылдары, әсіресе, жоғары білімге қамту қарқынды өсті. Жоғары оқу орындарының саны 77-ден 202-ге, студенттер саны 250 мыңнан 1,5 миллионға жетті.

    Жаңа индустриялық дәуір – «төртінші өнеркәсіптік революцияны» жүзеге асыру үшін әлемде «технологиялық минералдарға» сұраныс бірнеше есе артып келеді. Талдауларға қарағанда, әлемдегі вольфрам, молибден, мырыш және титан қорының 10–15 пайызы біздің өңірге тиесілі. Осы байлықты жоғары қосылған құнды өнімге айналдыру үшін ең алдымен ғылым, білім және инновация қажет.

    Сондықтан ғылым мен бизнес өкілдерін ұштастырып, тиімді әріптестік жүйесін құру көзделді. Зерттеулердің тәжірибелік-сынақ шығындарын жабуға қосымша 100 миллиард сум бөлінетіні айтылды.

    Жақында өнертапқыштар арасында тоғыз бағытта өткен байқауда жеңімпаздарға электромобильдер берілді. Екінші орын иегерлері шетелдік тағылымдамаларға жіберіледі, үшінші орын алғандар ақшалай сыйлықпен марапатталды.

    Енді мұндай байқаулар жоғары білімнің әр саласында, оқытушылар мен студенттер арасында да өтетіні айтылды.

    Жоғары оқу орындарында шетелдік ТОП-500 университеттермен бірлесіп, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, агротехнология, медицина, «жасыл» энергетика сияқты басым бағыттар бойынша қос дипломды бағдарламалар жолға қойылады. ТОП-100-ге кірген университеттердің филиалдары ашылады.

    Президент ұстаздар мен тәлімгерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да бірқатар бастамалар ұсынды.

    Келер жылдан бастап кемінде 15 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты педагогтарға ипотекалық кредиттің бастапқы жарнасының 25 пайызы өтеледі.

    Алдағы оқу жылында мемлекеттік ЖОО-ға оқуға түскен педагогтардың балаларының келісімшарт құнына 30 пайыз жеңілдік беріледі.

    Мұғалімдердің жаңа білім технологияларын кеңінен қолдануы үшін компьютер сатып алуға 10 миллион сумға дейін жеңілдетілген несие ұсынылады. Келесі жылдан бастап педагогтар үшін мемлекеттік қызмет төлемдері екі есе қысқартылады.

    Пән мұғалімдері секілді бастауыш сынып мұғалімдері үшін де ұлттық сертификаттау жүйесі енгізіледі. Сертификат алғандарға ай сайын 15 пайыз үстемақы төленеді.

    Бакалавриатты үздік дипломмен аяқтап, мектепке жұмысқа кіргендер автоматты түрде 2-санат, магистрлерге 1-санат беріледі. Әлемнің ТОП-300 университетіне түскен педагогтарға 20 мың АҚШ долларына дейін жеңілдетілген оқу несиесі беріледі.

    Жиында мұғалімдер мен студенттер, білім беру ұйымдарының басшыларымен сұхбат өтіп, олардың ұсыныстары тыңдалды.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates