Тиісті қаулыға Әзербайжанның Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев қол қойды.

Бекітілген ережелерге сәйкес, мобильді және электрондық құрылғылар қатарына ұялы телефондар, планшеттер, смарт-сағаттар, ноутбуктер, портативті ойын консольдері, сондай-ақ дауыстық және бейне байланысқа шығуға, интернетке қосылуға, ақпаратты сақтауға және таратуға, мультимедиялық мүмкіндіктерді пайдалануға арналған басқа да ұқсас құрылғылар кіреді.

Құжатта оқушылардың сабақ барысында мобильді және электрондық құрылғыларды пайдалануына тыйым салынған.

Оқушылар білім беру мекемесіне алып келген құрылғылар сабақ аяқталғанға дейін мектеп әкімшілігі белгілеген арнайы орындарда өшірілген немесе «үнсіз» режимде сақталуы тиіс. Бұл мақсатта арнайы жәшіктер, шкафтар және өзге де арнайы сақтау орындары пайдаланылуы мүмкін.

Оқу үдерісі кезінде мобильді құрылғыларды тек мұғалімнің рұқсатымен және тек білім алу мақсатында ғана пайдалануға болады. Атап айтқанда, электрондық оқу материалдарына қол жеткізу, арнайы қосымшаларды пайдалану, презентациялар әзірлеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, білім беру мекемесінің аумағында мобильді және электрондық құрылғыларды ақпарат алмасу үшін тек қажетті жағдайларда, соның ішінде төтенше жағдайлар, денсаулыққа қатысты мәселелер және басқа да шұғыл жағдайларда пайдалануға рұқсат беріледі.

Құжатта цифрлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылған. Білім беру ұйымдарының әкімшіліктеріне оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар үшін цифрлық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, электрондық ойындарды қауіпсіз пайдалану және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты түрде оқыту іс-шараларын ұйымдастыру міндеті жүктелген.