Кездесуге Араб парламентінің төрағасы Мұхаммед бен Ахмед Әл-Ямахий, Бахрейн Өкілдер кеңесінің Спикері Ахмед бен Салман Әл-Мусаллам, Мысыр Өкілдер палатасының Төрағасы Ханафи Әли Әл-Жабали, Оман Шура кеңесінің Төрағасы Халид бен Хилал Әл-Маъвали, Қатар Шура кеңесінің Төрағасы Хасан бен Абдулла Әл-Ғаним және БАӘ Федералды ұлттық кеңесінің комитет Төрағасы Әли Рашид Әл-Нуайми қатысты.
Кездесуде араб елдерімен көпжақты қатынастарды, соның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Делегация басшылары Өзбекстан басшысына өз елдерінің мемлекет басшыларының сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Соңғы жылдары Өзбекстан мен араб мемлекеттері арасындағы кең ауқымды серіктестік қарқынды дамып жатқаны атап өтілді. Жоғары деңгейдегі тарихи сапарлар жүзеге асырылды, өзара байланыс пен алмасулар белсенді жүргізілуде.
БАӘ және Қатармен арадағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді, Сауд Арабиясы және Мысырмен кең ауқымды ынтымақтастық жолға қойылды.
Бахрейн және Оманмен де жан-жақты байланыстар жүйелі дамып келеді.
Араб мемлекеттерімен бірлескен инвестициялық жобалар портфелі 50 миллиард доллардан асты. «Жасыл» энергетика, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, IT, көлік пен логистика, инфрақұрылым және туризм салаларында бірлескен жобалар іске асырылуда. 500-ге жуық бірлескен кәсіпорын құрылды, аптасына 150-ден астам тікелей әуе рейсі орындалуда.
Кездесуде өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыру жолдары қаралды.
Болашақ жоғары деңгейдегі іс-шаралардың күн тәртібі, ең алдымен, биылғы мамыр айында Самарқанд қаласында өтетін «Орталық Азия – Шығанақтағы парсы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі» екінші саммитін ұйымдастыру мәселелері қаралды.