Кездесуде Өзбекстан мен Ұлыбритания арасындағы өзара тиімді серіктестікті, ең алдымен сауда-экономикалық салада одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

Саяси диалогтің қарқынды дамып келе жатқаны, барлық деңгейде алмасулардың белсенді жалғасып жатқаны атап өтілді. Қауіпсіздік саласында тиімді ынтымақтастық жолға қойылған.

Соңғы 5 жылда тауар айналымы 2 есе артқан. Лондон қор биржасында Өзбекстанның 15 миллиард доллардан астам сомаға егеменді және корпоративтік облигациялары орналастырылды. Өткен жылы Бірлескен экономикалық комитет тетігі іске қосылды.

Британ серіктестерімен бірлесіп Президент мектептері ашылып, үш бірлескен университет табысты жұмыс істеп отыр. Өзбекстанға келетін британдық туристер саны да артып келеді.

Сұхбат барысында энергетика, қаржы, геология, көлік, химия, фармацевтика, ғылым және білім беру салаларында жаңа жобаларды ілгерілетудің маңыздылығы атап өтілді.

Сондай-ақ өңірлік және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды.

Кездесу қорытындысында көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі бірлескен «жол картасын» қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді.