Өзбекстан Президенті ЕҚҚДБ президенті бастаған делегацияны қабылдады

    Саясат 11 Iyun 2025 1509

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 11 маусым күні Шетелдік инвесторлар кеңесінің үшінші мәжілісі қарсаңында Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо бастаған делегацияны қабылдады.

    Кездесу барысында Өзбекстан мен осы беделді халықаралық қаржы институты арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

    Қос тараптың бірлескен жобалар портфелі тұрақты түрде кеңейіп келе жатқаны атап өтілді. Бүгінде ЕҚҚДБ-ның Өзбекстанға салған инвестициясының көлемі 5,5 миллиард еуродан асты. Биылғы жылы қосымша 1,1 миллиард еуро тарту жоспарланған, оның басым бөлігі жеке секторды қолдауға бағытталмақ.

    Әріптестік стратегиясы нәтижелі жүзеге асырылуда. Банк саласын жаңғырту үдерісі де ЕҚҚДБ-ның белсенді қолдауымен жүріп жатыр.

    Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтіп, оның негізгі басым бағыттарын атап көрсетті.

    Олардың қатарында су жүйесін технологиялық жағынан жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларын ілгерілету, ипотекалық нарықты дамыту, еркін экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру, шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейту, әйел кәсіпкерлігін қолдау бар.

    Бұдан бөлек, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын ілгерілетуге, жасанды интеллектті енгізуге және цифрлық трансформацияға бағытталған стартаптарды қолдауға ерекше назар аударылды.

    Сондай-ақ, Шетелдік инвесторлар кеңесінің алдағы үшінші отырысының күн тәртібі бойынша да пікір алмасылды.