Саммит аясында әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздіктерді еңсеру, Әлеуметтік даму жөніндегі Копенгаген декларациясының мақсаттары мен қағидаттарына адалдықты сақтау, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына жетуді жеделдету мәселелері талқыланбақ.
Іс-шарада халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ұлттық стратегияларды жетілдіру, қоғамдардың тұрақтылығын, әлеуметтік әділеттілігі мен инклюзивтілігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру мәселелеріне де ерекше назар аударылады.
Әлеуметтік даму жөніндегі Дүниежүзілік саммит мемлекеттер, халықаралық және аймақтық ұйымдар, БҰҰ құрылымдары, азаматтық қоғам институттары, сарапшылар мен іскер топтар арасындағы сындарлы диалогқа арналған маңызды алаң саналады.
Форумның негізгі мақсаты кедейлікті жою жөніндегі жаһандық күш-жігерді жандандыру, толық және тиімді жұмыспен қамтуды қолдау, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі заманғы сын-қатерлер мен өзара тәуелділік жағдайында әлеуметтік интеграцияны кеңейту болып табылады.
Саммит қорытындысында тұрақты және инклюзивті әлеуметтік даму мақсаттарын жүзеге асыру бағытында халықаралық серіктестікті одан әрі нығайту мен үйлестірілген тәсілдерді дамытуға бағытталған Доха декларациясын қабылдау көзделіп отыр.









