Кездесуде Өзбекстан мен БҰҰ-ның осы беделді институты арасындағы көпқырлы серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Сұхбат басында Одри Азуле Мемлекет басшысын тарихи оқиғамен – ұйымның Бас конференциясының 43-сессиясы соңғы 40 жылда алғаш рет ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінен тыс жерде өткізіліп жатқанымен шын жүректен құттықтады.
Өзбекстанның конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастыруы және оның мазмұнын тәжірибелік мәні зор іс-шаралармен байытқаны жоғары бағаланды.
Атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның Мектепке дейінгі білім беру жөніндегі өңірлік орталығы іске қосылады, Беруний сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі, Самарқан қаласының 3 мың жылдығына арналған арнайы іс-шара, сондай-ақ музей ісі, жасанды интеллект және гендерлік теңдік тақырыптарындағы форумдар мен көптеген басқа да шаралар өткізіледі.
Кейінгі жылдары Өзбекстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілгені атап өтілді. Бірлесіп балалар білімі жөніндегі дүниежүзілік конференция ұйымдастырылды, Парижде Әбу Райхан Берунийдің 1050 жылдығы кең көлемде аталып өтті және ғалымның құрметіне халықаралық сыйлық тағайындалды.
Өзбекстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның үш маңызды қарары қабылданды. Ұйымның арнайы тізіміне Өзбекстанның бірқатар жаңа нысандары мен мәдени құндылықтары енгізілді.
ЮНЕСКО-мен серіктестікті одан әрі кеңейту және тереңдету, басым бағыттар бойынша жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірілді.
Кездесу соңында Өзбекстан Президенті ғылым, білім және мәдениет салаларындағы байланыстарды дамытудағы зор еңбегі мен халқымыздың бай мәдени мұрасын кеңінен танытуға қосқан жеке үлесі үшін Одри Азуле ханымды елдің жоғары мемлекеттік наградасы – «Достық» орденімен марапаттады.












