Мемлекет басшысы АҚШ-та болған күндері Бас Ассамблеяның сессиясында сөз сөйлеп, БҰҰ-ның өзекті жаһандық мәселелерді шешудегі басты платформа ретіндегі орнына, сондай-ақ Жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан артқа қайтпайтын реформаларға айрықша тоқталды.
Өзбекстан көшбасшысы халықаралық және өңірлік маңызы бар ең өткір мәселелерді шешуге, бейбітшілік пен тұрақты даму жолын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныстар мен бастамалар көтерді.
Сапардың басты оқиғасы Өзбекстан Президентінің АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуі болды. Тараптар Өзбекстан-АҚШ стратегиялық серіктестік қатынастарын одан әрі дамыту және іс жүзіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Шавкат Мирзиёев сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Корея Республикасы Президенті Ли Чжэ Мён, Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн, Чехия Республикасы Президенті Петр Павел, Албания Президенті Байрам Бегай, сондай-ақ Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Кристалина Георгиева, Дүниежүзілік банк тобының президенті Ажай Банга және Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен келіссөздер жүргізді.
Өзбекстан Президенті АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Сержио Горды, сондай-ақ Конгресстегі «Өзбекстанмен ынтымақтастық жөніндегі кокус» төрағасы, конгрессмен Трент Келлиді қабылдады.
Сапардың іскерлік бағдарламасы да мазмұнды өтті. Өзбекстан көшбасшысы АҚШ бизнес өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізіп, бірқатар жетекші трансұлттық компаниялар, корпорациялар, инвестициялық қорлар мен қаржы институттарының – «Traxys», «FLSmidth», «McKinsey», «Go Green Partners», «Колорадо геология мектебі», «BlackRock», «Boeing Global», «Franklin Templeton», «Citigroup», «Air Products», «BNY», «Jefferies», «NASDAQ», «Oppenheimer» және басқа да ірі компаниялар басшыларымен кездесулер өткізді.
Кездесу және келіссөздер нәтижесінде орта мерзімді жобалар бағдарламасы қалыптастырылды. Өзбекстан Республикасының Президенті және АҚШ Президентінің арнайы өкілі Сержио Гордың қатысуымен маңызды минералдар, азаматтық авиация, химия өнеркәсібі, энергетика және өзге де басым салалар бойынша қол қойылған екіжақты сауда келісімдері мен инвестициялық шарттарды алмасу рәсімі өтті.
Америка Құрама Штаттарына сапарының соңында Мемлекет басшысы дәстүрге сай, АҚШ-та еңбек етіп, өмір сүріп жатқан бір топ отандастар және Американың жетекші университеттерінде білім алып жүрген «Эл-юрт умиди» қорының стипендиаттарымен кездесті.
Барлық ресми іс-шаралардан кейін Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласына қайтып оралды.












