Сұхбат басында Мемлекет басшысы АҚШ Президентін алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, достас Америка халқына тыныштық, береке-бірлік пен өркендеу тіледі.

Өз кезегінде Дональд Трамп Өзбекстан басшысы мен халқына өзінің және АҚШ халқының шынайы сәлемі мен құттықтауларын жолдап, жаңа жылда бақыт, табыс және жаңа жетістіктер тіледі.

Президенттер жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын, сондай-ақ Өзбекстан – АҚШ стратегиялық серіктестік қатынастарын одан әрі дамыту мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.

Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамптың биыл ішкі және сыртқы саясатта қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға беріп, оның өткір халықаралық дағдарыстар мен қақтығыстарды шешу жолындағы нәтижелі күш-жігерін айрықша атап өтті.

Екіжақты саяси диалог пен алмасулардың, әсіресе, көшбасшылар деңгейінде жандана түсуі елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың жаңа кезеңін бастап, оны нақты мазмұнмен байытқаны атап өтілді.

Азаматтық авиация, автокөлік өнеркәсібі, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, энергетика және химия, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және өзге де салаларда ондаған миллиард долларды құрайтын бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Қолданыстағы жобалар мен бағдарламаларды тиімді жалғастыру, сондай-ақ жаңаларын әзірлеу мақсатында Америка – Өзбекстан Іскерлік және инвестициялар кеңесі құрылды. Бірлескен Инвестициялық қорды құру бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа тетігі іске қосылды. Өзбекстанның үш облысының делегациялары АҚШ штаттарымен ынтымақтастық орнату мақсатында осы елде болды.

Халықаралық және аймақтық маңызы бар мәселелерге де ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда көпжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде «C5+1» форматының маңыздылығы атап өтілді.

Сұхбат соңында тараптар жоғары деңгейдегі белсенді диалогты жалғастыру ниетін растады және практикалық ынтымақтастық бойынша бірлескен бастамалар мен бағдарламаларды ілгерілетуге келісті.

Өзбекстан Президенті Америка көшбасшысын өзіне ыңғайлы уақытта елімізге сапармен келуге шақырды.