Өзбекстан Президенті БҰҰ Бас хатшысымен кездесті

    Біріккен Ұлттар Ұйымының теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер жөніндегі конференциясы аясында Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуі өтті.

    Ғаламдық және өңірлік дамудың өзекті мәселелері, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алдағы 80-сессиясын өткізу мәселелері талқыланды.

    Осы орайда, Өзбекстан басшысы Бас хатшының халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның негізгі институттарын заманауи шындыққа бейімдеу мақсатындағы реформалар жөніндегі бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді.

    Өзбекстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ Антониу Гутерриштің өткен жылғы шілде айындағы елімізге сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлінді.

    Қазіргі таңда 160 бірлескен бағдарлама мен жоба сәтті іске асырылып жатқаны атап өтілді.

    Соңғы бірнеше жылда Өзбекстан бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 13 ресзолюциясы қабылданды.

    Биыл ұйымның негізгі құрылымдары мен институттарының, соның ішінде БҰҰ-Хабитат және ЮНИСЕФ басшылары Өзбекстанға сапармен келді, Ташкент қаласында «Біріккен Ұлттар Ұйымы – Әйелдер» құрылымының өкілдігі ашылды.

    Мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі форум бірлесіп өткізілді. Самарқанд қаласында ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

    Еліміз Жаһандық тұрақты даму мақсаттарының индексі бойынша ең озық бес елдің қатарына кірді. ТДМ-ға қол жеткізу тұрғысынан Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастық жөніндегі жаңа бес жылдық бағдарламаға қол қойылуы күтілуде.

    Орталық Азияда интеграцияны тереңдету, Ауғанстанды өңірлік ынтымақтастық үдерістеріне тарту мәселелері талқыланды.

    Кездесу соңында тараптар практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен бағдарламалар мен жобаларды кеңейтуге дайын екенін атап өтті.