Өз сөзінің басында Мемлекет басшысы достас Моңғолия халқын жақындап келе жатқан ұлттық мереке — Халық революциясы күнімен шын жүректен құттықтады.
– Моңғолиялық достарымыздың әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы елеулі жетістіктеріне шын жүректен қуаныштымыз. Сіздердің бейбітсүйгіш сыртқы саясаттарыңызды толық қолдаймыз, – деді Өзбекстан Президенті.
Бүгінде Моңғолия экономикасы тұрақты жоғары өсім көрсетіп жатқаны атап өтілді. Елде өнеркәсіп салалары, ауыл шаруашылығы дамып, инфрақұрылым жаңартылуда. Қарақұрым қаласын ауқымды қайта құру жұмыстары басталған. Үздіксіз, прагматикалық және белсенді саясат нәтижесінде елдің халықаралық беделі артып келеді.
Өзбекстан Президентінің Моңғолияға алғашқы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы достық және жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дамытуда тарихи оқиға болғаны ерекше атап өтілді.
Мемлекет басшысы бұл сапардың басты нәтижелерінің бірі ретінде Өзбекстан мен Моңғолия арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін маңызды құжат — Кең ауқымды әріптестік туралы бірлескен декларацияға қол қойылғанын атап өтті.
Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың барлық негізгі және болашақ бағыттары жан-жақты талқыланып, нақты міндеттер мен жоспарлар айқындалғаны айтылды.
2024 жылы Ташкентте өткен саммиттен кейін барлық бағыттағы байланыстар жанданды. Биыл ақпан айында Үкіметаралық комиссияның алғашқы отырысы табысты өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастық пен өзара қолдауды жалғастыруға уағдаластыққа қол жеткізілді.
Өз сөзінде Шавкат Мирзиёев келіссөздерде басты назар экономикалық ынтымақтастыққа аударылғанын айтты. Алдағы жылдары тауар айналымын, ең алдымен, сұранысқа ие өнімдер номенклатурасы мен көлемін ұлғайту арқылы бірнеше есеге арттыру міндеті қойылды. Улан-Баторда Өзбекстанның сауда үйі мен көрме залының ашылуы бұл істе нақты негіз болатыны атап өтілді.
Сапар аясында Өзбекстан мен Моңғолия кәсіпкерлерінің бизнес-форумы мен кездесулері табысты өтті, жаңа келісімшарттар мен мәмілелерге қол қойылғаны айтылды. Мемлекет басшылары бұдан былай да кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіп, іскер бастамаларды дамытуға жағдай жасауға келісті.
Осыған байланысты преференциялық сауда және инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұдан бөлек, келіссөздерде екі ел экономикасының бір-бірін тиімді толықтыратын салаларында өнеркәсіптік кооперацияның нақты бағыттары белгіленді.
Атап айтқанда, минералды ресурстарды өндіру және қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп салаларында, соның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу жобалары қарастырылған.
Теңізге тікелей шығу мүмкіндігі жоқ елдер ретінде тараптар тиімді көлік бағыттарын бірлесіп дамыту үшін сарапшыларды кеңінен тарта отырып, нақты келісімге келді. Биыл күзден бастап астаналар арасында тікелей әуе рейстері іске қосылатыны айтылды.
Мәдениет, білім және туризм салаларында белсенді алмасуды жалғастыру туралы уағдаластық болды. Қазіргі күндері Улан-Баторда Өзбекстан мәдениеті күндері және екі елдің туристік ұйымдарының кездесулері өтіп жатыр.
Тараптар өзара концерттер, көрмелер, кино көрсетілімдер ұйымдастыру және фестивальдарға қатысу жөнінде келісті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бөлініп отырған квоталар аясында моңғолиялық жастардың Өзбекстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алуын қайта жолға қоюға дайын екенін білдірді.
Қол жеткізілген келісімдер мен қол қойылған құжаттарды уақытында және сапалы жүзеге асыру мақсатында екі ел үкіметтері тарапынан кең ауқымды «жол картасы» қабылданатыны айтылды.
Сөзінің соңында Өзбекстан Президенті Моңғолия Президентін ресми сапармен Өзбекстанға келуге шақырғанын мәлімдеді.












