Бүгінде Өзбекстанның барлық өңірлерінде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейінгі жылдары ірі жобалар мен инфрақұрылым нысандарында энергия үнемдеуге басымдық беріліп келеді. Осыған байланысты базальт шикізатына және одан дайындалатын энергия тиімді плиталар мен құрылыс материалдарына сұраныс артып отыр.

Осы қажеттілік негізінде құрылған кәсіпорынның құны 26 миллион долларды құрайды. Жоба аясында жылына 30 мың тонна базальт шикізатын қайта өңдеу қуаты іске қосылған. Бұл 345 миллиард сум көлемінде дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Өнімдер ішкі нарықпен қатар Тәжікстан мен Ауғанстанға да экспортталып жатыр.

Өндіріс үдерісіне қажетті шикізаттың 95 пайызы облыстың «Олтинсой» ауданындағы кен орындарынан жеткізіледі. Кәсіпорынға Қытайдың заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Мұнда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Президент өндіріс барысымен таныса отырып, өнім сапасын одан әрі арттыру, жергіліктендіру деңгейін кеңейту және экспортқа бағытталған өндірісті дамыту маңызды екенін атап өтті.

Жалпы елде құрылыс саласының ғылыми негізін күшейту, осы бағытта құрылыс материалдары бойынша ғылыми-зерттеу институтын құру қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысы осы жерде өңірдің құрылыс материалдары өнеркәсібі өнімдерінің көрмесімен де танысты.

Осымен, Сұрхандария облысына жасалған сапар аяқталып, Мемлекет басшысы Ташкент қаласына қайтып оралды.