Мемлекет басшысы Ислам өркениеті орталығындағы жұмыстармен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев 20 қазан күні Ислам өркениеті орталығына барып, ондағы экспозициялар арқылы халқымыздың бай тарихи және рухани мұрасын кеңінен таныстыруға бағытталған жұмыстармен танысты.

    Бұл ұлы әрі бірегей жоба Мемлекет басшысының 2017 жылғы 23 маусымдағы қаулысына сәйкес басталған болатын. Көп ұзамай, 2018 жылғы Ораза айтында нысанның іргетасы қаланған еді. Осы уақыт ішінде мұнда ауқымды құрылыс және абаттандыру жұмыстары орындалды.

    Орталық көне сәулет дәстүрлеріміз бен ұлттық нақыштардың үйлесімінде салынған. Нысанның төрт жағында биіктігі 34 метрлік мұнара, ал ортасында ұлттық стильде салынған 65 метрлік күмбез бой көтерген.

    Ғимараттың орталық бөлігінде Құран залын көруге болады. Мұнда мұсылман әлемінің ең қымбат рухани жәдігерлерінің бірі – көне Осман Мусхафы қойылған. Сондай-ақ, саманидтер, қараханилер, хорезмшахтар, темуридтер әулеті және басқа да дәуірлерге тиесілі қасиетті кітаптардың нұсқалары, олардың көне өзбек тіліндегі аудармалары, сондай-ақ әлемдегі ең сирек жазба Құран қолжазбаларының үлгілері де орын алған.

    Орталық құрамында 460 орындық конференция залы бар. Онда халықаралық деңгейдегі кездесулер мен ғылыми жиындар өткізу үшін барлық заманауи жағдай жасалған.

    Кешенде «Исламға дейінгі өркениеттер», «Бірінші Ренессанс», «Екінші Ренессанс», «Өзбекстан ХХ ғасырда» және «Жаңа Өзбекстан – жаңа Ренессанс» атты бөлімдер ұйымдастырылған. Мұнда ұлы ғұламаларымыздың еңбектері мен өмірі туралы мәліметтер, сондай-ақ Имам Бұхари, Имам Термизи, Әбу Мансур Матуриди, Бахауддин Нақшбанд және басқа да ұлағатты ғалымдардың мұралары кеңінен қамтылған.

    Сондай-ақ, тарихымызда білім мен руханияттың жанашыры болған Бибиханым, Надирабегім, Увайси, Анбар Отин сынды абзал тұлғалардың өмірі мен қызметі жеке экспозиция ретінде көрсетілген.

    Мемлекет басшысы орталықтың ғылыми-ағартушылық бағыттағы қызметін тиімді ұйымдастыру және мазмұнын байытып отыру қажеттігін әрдайым атап өтеді. Осыған байланысты Өзбекстан халықаралық исламтану академиясы мен Имам Бұхари, Имам Термизи және Имам Матуриди атындағы ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.

    Сапар барысында Мемлекет басшысы залдарда жүргізіліп жатқан әрлеу және жабдықтау жұмыстарымен, бөлімдер мен көрмелердің мазмұнымен, сондай-ақ қолданылып жатқан интерактивті технологиялармен танысты.

    Мемлекет басшысы экспонаттарды жергілікті және шетелдік келушілер үшін барынша қызықты әрі түсінікті түрде ұсынудың маңыздылығын айтты. Осы мақсатта орталықта қызмет ететін мамандар мен гидтердің санын көбейту, оларды арнайы бағдарламалар негізінде даярлау қажеттігіне назар аударды.

    Сондай-ақ орталық қызметінің мазмұнын одан әрі байытып, экспозициялар арқылы халқымыздың рухани және ғылыми мұрасын толық көрсету жөнінде бірқатар ұсыныстар берілді.