Өңірдегі құрылыс қарқыны қала қақпасынан – әуежайдан-ақ көзге түседі. Мұнда 140 миллион доллар инвестиция есебінен жаңа терминалдар салынуда.
Мемлекет басшысының облысқа өткен жылғы сапарында бұл жоба таныстырылған еді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Қазіргі әуежай туристер ағымына сай емес. Үш қабатты болып салынып жатқан жаңа терминалда жолаушы өткізу қуаты 2,5 есе артады. Шекара бақылауы мен виза бөлімдері, бизнес-зал, сауда және тамақтану орындары, медицина бөлмесі, Duty free дүкендері заманауи түрде ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, әуежайда үлкен жүк терминалы салынып жатыр. Ол тәулігіне 50 тонна жүк тасуға және 90 мемлекетке экспорт жасауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, осы арқылы өңірде бірыңғай карго жүйесі құрылады. Өңірдің бизнес, экспорт және транзит әлеуеті арта түседі.
Мәселен, биыл Наманган облысына 1,5 миллион шетелдік және 2 миллионнан астам жергілікті турист тарту, қызмет экспорты көлемін 210 мың долларға жеткізу жоспарланған. Әндіжан және Ферғана облыстарының экспорты да артып келеді.
Әуежайда арнайы сервис техникалары да жаңартылады. Бұл әртүрлі көлемдегі ұшақтарды қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кейтеринг, жанармай құю кешені және басқа да шаруашылық ғимараттары салынады. Жаңа терминалдар келесі жылы пайдалануға берілуі көзделген.
Мемлекет басшысы әуежай маңындағы инфрақұрылымды соған сәйкес дамыту жөнінде тапсырмалар берді. Әлемдік озық тәжірибедегідей, әуежай маңында қонақүйлер, сауда және ойын-сауық кешендері, барлық заманауи қызмет түрлері болуы қажеттігі атап өтілді. Автотұрақ пен сервис нысандарын ұйымдастырып, қонақтар үшін қолайлылықты кеңейту міндеті қойылды.












