Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі биылғы 13 наурызда қабылданған қаулы аясында кластер құрамында мата өндіру және бояу фабрикасы құрылды. Құны 54 миллион доллар болатын жоба нәтижесінде жылына 20 мың тонна мата өндіруге және бояуға мүмкіндік беретін желілер іске қосылды. Кәсіпорында 840 жұмыс орны ашылды.

Кәсіпорында су мен энергияны тұтынуды азайтуға ерекше көңіл бөлінген. Құны 3 миллион доллар болатын тұйық су айналымы жүйесі өндірісте пайдаланылған судың 95 пайыздан астамын тазартып, қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жылына 1,1 миллион текше метр су үнемделеді.

Фабриканы үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін газ генераторы орнатылған. Ғимараттың төбесі мен қабырғаларына жалпы қуаты 3,5 мегаватт болатын күн панельдері қойылған. Бұл шешімдер электр энергиясы, ыстық су және буға жұмсалатын шығындарды азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді.

Алдағы уақытта «Sulton Tex Group» кластері осы еркін экономикалық аймақта құны 70 миллион доллар болатын жобаны жүзеге асырып, 3 570 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Облыстың басқа аудандарында жалпы құны 17 миллион доллар болатын жобалар тағы 1 220 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы фабрикадағы өндіріс үдерісі және өнімдер көрмесімен танысты. Мұнда енгізілген ресурсты үнемдейтін технологиялар басқа тоқыма кәсіпорындарына үлгі болуы керектігін атап өтті.

Кәсіпорында жұмыс істейтін Дилором Холиёрова Мемлекет басшысымен әңгімелесу барысында өз жұмыс орны мен жасалған жағдайларға көңілі толатынын айтып, көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысын білдірді.

– Адам еңбек етсе, оның нәтижесі де ерекше болады. Міне, осындай жаңа буын кәсіпкерлерінің арқасында қазір мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келеміз. Олар қосымша құн тізбегін қалыптастырып қана қоймай, «жасыл» технологияларды енгізу арқылы қоршаған ортаға деген жанашырлығын да көрсетіп отыр, – деді Президентіміз.