Президент жұмыс сапарымен Сырдария облысына барды

    Президент Шавкат Мирзиёев 4 желтоқсан күні жұмыс сапарымен Сырдария облысына барды. Сапардың алғашқы нысаны Сырдария ауданындағы «River Med Pharm» кәсіпорны болды.

    Аталған кәсіпорын елімізде инфузиялық дәрілік ерітінділер өндірісі бойынша жетекші ұйымдардың бірі саналады. Бүгінде Өзбекстанда шығарылатын инфузиялық ерітінділердің 20 пайызы дәл осы кәсіпорынға тиесілі.

    Мұндай дәрілік заттар – науқас өмірі үшін аса маңызды медициналық өнімдер қатарына жатады. Оларды дайындау кәдуілгі таблеткалар өндірісіне қарағанда әлдеқайда күрделі, себебі мұндай ерітінділер тікелей қан тамырларына жіберіледі. Сондықтан олар мүлде стерильді жағдайда, жоғары дәлдікпен және халықаралық стандарттарға толық сәйкестікте өндірілуі керек.

    Жобаның жалпы құны 30 миллион доллардан асады, қазіргі кезде кәсіпорында 750 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жылына жалпы құны 135 миллиард сумды құрайтын 70 түрлі, жалпы 114 миллион дана дәрі-дәрмек өндіріп отыр. Өнімнің 20 пайызы экспортқа шығарылуы кәсіпорынның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

    Қараша айында жобаның екінші кезеңі іске қосылып, өндіріс қуаттары одан әрі кеңейтілді. Кәсіпорын жылына 30 миллион дана инфузиялық ерітінді, 70 миллионнан астам құрғақ антибиотик және шамамен 20 миллион дана көз-мұрын тамшысын өндіре бастайды.

    Мемлекет басшысына кәсіпорын өнімдері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берілді.

    Алдағы уақытта кәсіпорында шығарылатын өнім түрлері 200-ге жеткізілмек. Осы кезеңде шыны және пластик құтылардағы инъекцияға арналған ерітінділер, сондай-ақ таблетка мен капсула өндірісі жолға қойылады. Жұмыс орындары мыңға дейін ұлғайтылады.

    Президент осы жерде облыс белсенділері және ақсақалдармен де сұхбаттасты.

    Экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жастар тәрбиесі және өңір болашағына қатысты маңызды мәселелер бойынша ашық сұхбат өтті. Мемлекет басшысы халықтың бастамашылдығы реформалардың нәтижесін арттыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

    – Өзгерістер ең алдымен махаллаларда сезілуі керек. Сіздер адамдармен тұрақты байланыста болып, жастарға дұрыс бағыт беруіңіз қажет. Барлығымыз сергек әрі белсенді болсақ, біздің әрекеттеріміз, жүргізіп жатқан реформаларымыз сөзсіз нәтиже береді. Сырдарияға үлкен жоспарлармен келдік. Сіздерді тыңдап, ақылдаса отырып, бұл жоспарларды жүзеге асырамыз, – деді Президент.