Өзбекстан Президенті ЕАЭО саммитіне қатысты

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 21 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына бақылаушы Мемлекет басшысы мәртебесінде қатысты.

    Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың төрағалығымен өткен жиынға Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты. ЕАЭО-ның бақылаушы мемлекеттері – Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель мен Иран Ислам Республикасының Президенті Масъуд Пезешкиян қатысушыларға бейнеүндеу жолдады. Қонақ мемлекет өкілі ретінде Индонезия Республикасының сауда министрі Буди Сантосо жиынға қатысты.

    Күн тәртібіне көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, өнеркәсіптік кооперация жобаларын қолдау, көлікті дамыту және өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша бірлескен бағдарламаларды іске асыру мәселелері енгізілді.

    Өзбекстан Президенті сөзінің басында ЕАЭО елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту еліміздің сыртқы экономикалық саясатының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

    Кейінгі төрт жылда бақылаушы мемлекет мәртебесіндегі ынтымақтастық кезеңінде Өзбекстанның одақ елдерімен тауар айналымы көлемі шамамен екі есеге жуық өсіп, 20 миллиард АҚШ долларына таяды.

    Сауда, өнеркәсіп, қаржы жүйесі, ауыл шаруашылығы, көлік және өзге де салаларды қамтитын, 40-қа жуық іс-шараны көздейтін Еуразиялық экономикалық комиссиямен 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Келесі жылы бірлескен Жұмыс тобының бесінші отырысын Ташкентте өткізу жоспарланған.

    Өзбекстан сауда мен жүк тасымалын цифрландыру, электрондық коммерцияны енгізу және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларында ЕАЭО-ның бірқатар салалық бағдарламаларына белсенді қатысып келеді.

    Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің осы жолғы отырысы аясында Өзбекстан мен ЕАЭО арасында кедендік шекаралар арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы мәліметтер алмасу жөніндегі келісім бойынша келіссөздерді бастау туралы қаулы қабылданды.

    – Шекарааралық деректер алмасу кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға, кідірістерді қысқартуға және көлік жүйелерімізді Еуразиялық дәліздерге интеграциялауға қызмет етеді деп сенеміз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

    Өзбекстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақпен өзара тиімді ынтымақтастықтың басты бағыттарына арнайы тоқталды.

    Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өзара тауар айналымындағы сауда кедергілерін кезең-кезеңімен жоюдың маңыздылығы айтты. Техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық стандарттар бойынша ұстанымдарды үйлестіру үшін ТМД мен ЕАЭО институттарының қызметін үйлестіруді күшейту қажеттігі көрсетілді. Осы орайда артық рәсімдерді жою және талаптарды біріздендіру жөніндегі «жол картасын» әзірлеу ұсынылды.

    Техникалық реттеу, сертификаттау және кедендік әкімшілендірудегі айырмашылықтарға байланысты мәселелерді жедел шешу үшін тарифтік және тарифтік емес кедергілер жөніндегі «Өзбекстан – ЕАЭО» бірлескен үйлестіру тобын құру ұсынылды.

    Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында машина жасау, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, химия және өзге де салалардағы жобалардың бірлескен тізбесін қалыптастыру ұсынылды.

    Өзбекстанның Еуразиялық даму банкіне қосылуына байланысты ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын бірлесіп айқындау, сондай-ақ өзекті инфрақұрылымдық және «жасыл» жобаларды, шағын және орта бизнесті қолдауды қамтитын «жол картасын» әзірлеу бастамасы ұсынылды.

    Цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа тоқталған Өзбекстан Президенті кедендік әкімшілендіруді цифрландыру және жүк тасымалында «үздіксіз» модельге көшу басты міндет екенін атап өтті.

    – Электрондық сауда мен цифрлық таңбалауды қоса алғанда, цифрлық платформаларды үйлестіру жөніндегі «жол картасын» ЕАЭК-пен бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз, – деді Өзбекстан Президенті.

    Өзбекстан, ең алдымен, биомедицина, жаңа материалдар, агротехнологиялар, энергетика және робототехника бағыттарындағы ЕАЭО-ның технологиялық платформаларына қосылуға мүдделі.

    Туризм алмасуын ынталандыру және туристік өнімдердің өзара байланыстылығын қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Өзбекстанның туризм саласында интеграцияланған ақпараттық ресурсты қалыптастыру жұмыстарына қосылуға дайын екенін білдірді.

    Соңында Мемлекет басшысы Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық одақпен жан-жақты әрі өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге берік ниетті екенін тағы бір мәрте растады.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates