Мемлекет басшысы сапарын қаладағы Жастар креатив паркінің қызметімен танысудан бастады.
Бүгінде Самарқанд қарқынды дамып, ірі мегаполиске айналып келеді. Соңғы жылдары мұнда жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, халық саны айтарлықтай артқан. Осыған байланысты қалада жасыл аймақтарды көбейту, жаңа саябақтар мен демалыс орындарын құру қажеттілігі де күшейе түсті.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жасыл кеңістік» жалпыұлттық жобасы аясында өңірде жыл сайын 16 миллионнан астам көшет отырғызылуда. Биыл көктем маусымында да 6,3 миллион жеміс және сәндік ағаш-бұта көшеттерін егу жоспарланып, бұл жұмыстар облыстың барлық аумақтарында жалғасып жатыр.
Самарқанд қаласындағы Өзбекстан көшесінде орналасқан бұрынғы әскери госпиталь орнында 5,4 гектар аумақта 70 миллиард сумнан астам демеушілік қаржы есебінен Жастар креатив паркі салынды.
Бұл аумақта мәдени мұра тізіміне енген 5 ғимарат пен нысан бар. Қазір олар жастарға арналған заманауи әрі цифрлық кітапхана, көпсалалы оқу орталығы, креатив үйірмелер, жасанды интеллект, 3D модельдеу, робототехника және киберспорт орталықтары ретінде пайдаланылып жатыр. Сонымен қатар ақпараттық-ресурстық орталық, спорт залдары және жерасты эко-мұражайы да жұмыс істейді.
Жастар креатив паркі жас буын үшін тек демалыс орны ғана емес, ақпараттық технологиялармен айналысуға, спортпен шұғылдануға және стартап жобаларды іске асыруға қолайлы алаңға айналған.
Мұнда облыстық шахмат федерациясы да орналасқан. Федерация тарапынан оқу-жаттығу жиындары мен түрлі жарыстар өткізуге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ саябақта балалар аттракциондары, фитнес залдары, үстел теннисі залы, теннис корттары, воркаут және мини-гольф алаңдары салынған. Қарттарға арналған демалыс орны мен ондаған жазғы алаңқайлар да қарастырылған.
Мемлекет басшысы алдымен «Profi deutsch» неміс тілін оқыту және емтихан орталығының жұмысымен танысты.
Бұл жоба аясында «Telc» емтихан орталығы Орталық Азияда алғаш рет Самарқандта ашылуда. Мұнда жастар неміс тілін меңгеріп, халықаралық сертификат ала алады. Сертификат иелері Германияда дуальды кәсіби білімін жалғастырып, жұмыспен қамтылуға мүмкіндік алады. Биыл осындай орталықтарды елдің тағы бес өңірінде ашу жоспарланған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына Мұҳаммед әл-Хорезми ізбасарлары жобасы аясындағы жұмыстар таныстырылды. Жоба бойынша 8–11 сынып оқушыларына цифрлық технологиялар мен шет тілдері тереңдетіп оқытылады, ал оқуын сәтті аяқтағандарға арнайы сертификат беріледі.
Бұдан бөлек, «Алоқа банк» пен «Ұлттық банк» жанындағы консультативтік орталықтардың жастарға жеңілдетілген несие беру, стартаптарды қолдау бағытындағы қызметі таныстырылды. Жастар істері агенттігі жүзеге асырып жатқан «Ибрат фарзандлари», «Мутолаа», «Қизлар академияси» жобалары да назардан тыс қалмады.
Мемлекет басшысы жастармен пікір алмасып, олардың жобаларымен танысты. Атап айтқанда, «Zamin» халықаралық қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Eco-schools Uzbekistan» жобасына қатысушы жас эко-белсенділер 2026 жылға арналған жоспарларын таныстырды.
– Жаңа Өзбекстанда жоғары технологиялы өндіріс орындарын дамытып, табысы жоғары жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Біз бұл істі сіздерге – білімді жастарға сеніп тапсырып отырмыз. Сондықтан әр минутыңыз болашағыңызға қызмет етсін, кітаппен дос болыңыз. Кез келген білімді терең меңгеріп, дұрыс жол табу үшін адамға зейін, сабыр және ынта қажет. Сол ынталарыңыз ешқашан сөнбесін. Сіздер ұсынған бастамалар біздің реформаларымыздың бағытымен үндес келеді, мен кез келген ұсыныс пен бастамаңызды қолдауға дайынмын, – деді Президент.
Самарқандта осындай заманауи білім беру және демалыс нысандарын көбейту бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.