Бұл жоба Сұрхандарияның тарихын, қолөнерін және дәстүрлі өнерін таныстыруға арналған заманауи инфрақұрылымы бар жаңа мәдени орталық ретінде салынған.
Кешен 10 миллион доллар көлеміндегі инвестиция есебінен бой көтерді. Алты гектар аумақта тарихи сәулет үлгісіндегі ғимараттар, отбасылық қонақ үй, домбыра шеберханасы, жыраулар экспозициясы, ұлттық тағамдар мейрамханасы, балалар ойын алаңы және музыкалық субұрқақтар орналасқан.
Қалашық жылына 180 мың туристке қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қонақтар тек қолөнершілердің өнімдерін сатып алып қана қоймай, олардың жұмыс үдерісін де тамашалай алады.
Мемлекет басшысы туристік нысанда жасалған жағдайлармен танысып, қолөнершілермен әңгімелесті және келушілер үшін ұйымдастырылған көркем бағдарламаны тамашалады.