Кейінгі жылдары бұл сала құрылымдық тұрғыдан реформаланып, тиімділікті арттыру шаралары жүзеге асырылды. Мақта және бидай алқаптары қысқартылып, олардың орнына азық-түлік өнімдеріне арналған егістіктер бөлінді. 160 мың гектар жаңа бау мен жүзім алқабы пайда болды. 1 миллиард долларлық 1,5 мың азық-түлік жобасы іске қосылды.
Соған қарамастан, ауыл шаруашылығында көлеңкелі экономика үлесі әлі де жоғары. Өндірілген өнімнің барлығы да есепке алынбайды. Азық-түлік өнімдерін сатуда қосылған құн салығы 12 пайызды құрап отыр.
Бұл мәселе Өзбекстан Республикасы Президенттің кәсіпкерлермен ашық диалогында көтерілген еді. Мемлекет басшысы диқандар мен фермерлерге қолайлы жағдай жасау, салық жүктемесін азайту жөнінде тиісті органдарға тапсырма берген болатын.
Осыған сәйкес, Халықаралық валюта қоры, сондай-ақ білікті шетелдік және жергілікті сарапшылар қатысуында ауыл шаруашылығын «көлеңкеден шығару» бойынша ұсыныстар дайындалды.
Жоспарға сай, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ауыл шаруашылығы кәсіпорындары диқандар мен фермерлерге өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін (бидай мен мақтадан басқа) сатқанда ҚҚС нөлдік мөлшерлемеде қолданылады.
Сонымен бірге, өнімді өсіру кезінде тұқым, тыңайтқыш, жанармай, көлік, электр сияқты шығындарға төленген ҚҚС қайтару тәжірибесі де сақталып қалады.
Нәтижесінде фермерлер мен диқандардың қарамағында жылына 300 миллиард сум қалады, тағы 400 миллиард сумға жуық салықты қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады.
Жалпы, бұл жеңілдіктер саланың ашық жұмыс істеуіне серпін беріп, өңірлерде ірі индустриялық плантациялар мен қайта өңдеу кәсіпорындарының көбеюіне берік негіз қалайды.
Жауапты басшыларға жаңа жүйені диқандар мен фермерлерге түсіндіру, оны тиімді жолға қою және азық-түлік өнімдерін өндіруді ынталандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.











