Кейінгі жылдары мемлекет қатысатын ірі кәсіпорындарды реформалау, олардың қызметіне корпоративтік басқару мен есептеу бойынша халықаралық стандарттарын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл үдерісте Ұлттық инвестициялық қордың құрылуы және оның басқаруына «Franklin Templeton» компаниясының тартылуы маңызды қадам болды.
Өткен айда Ұлттық инвестициялық қор алғаш рет халықаралық нарықта 690 миллион доллар көлеміндегі активтерін орналастырды. Бұл Өзбекстанның жаһандық капитал нарығының талаптары бойынша жұмыс істеуге дайын екенін көрсеткен маңызды белгі болды. Орналастыру барысында сұраныс ұсыныстан төрт есе асып түсіп, ірі инвесторлар тарапынан шамамен 3 миллиард доллар көлемінде өтінім түскен.
Ендігі міндет – қор портфеліндегі 13 ірі компаниядағы трансформация үдерістерін жеделдетіп, оларды IPO-ға дайындау. Атап айтқанда, «Uzbekistan Airways», «Узсаноатқурилишбанк», «Узбекгидроэнерго», «Узбекистон миллий электр тармоқлари» және «Узбектелеком» компаниялары бойынша жұмыстарды биыл аяқтау көзделген.
Таныстырылымда осы үдерістерді «Uzbekistan Airways» акционерлік қоғамы мысалында жүзеге асыру мәселелері қаралды.
«Franklin Templeton» мамандары ұлттық әуе компаниясының қызметіне жан-жақты талдау жүргізіп, 115 іс-шарадан тұратын трансформация бағдарламасын әзірлеген. Есептеулерге сәйкес, бағдарлама толық орындалған жағдайда компанияның операциялық табысын бір жылдың ішінде 120 миллион долларға арттыруға мүмкіндік бар.
Атап айтқанда, бағыттарды оңтайландыру, тікелей сатылым көлемін ұлғайту, клиенттермен жұмыс істеу жүйесін жетілдіру, рейстер арасындағы уақытты қысқарту, кешігулер мен рейстердің тоқтатылуын азайту, сондай-ақ тамақтандыру және техникалық қызмет көрсету бағытындағы құрылымдардың тиімділігін арттыру арқылы қосымша табыс табуға болатыны айтылды.
Бұл шаралардың нәтижесінде авиакомпанияның нарықтық құнын қазіргі 1,6 миллиард доллардан 2,3 миллиард долларға дейін жеткізу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бағдарлама әзірленгеніне бірнеше ай өтсе де, оны іске асыру қарқынының баяу екені көрсетілді.
Мемлекет басшысы компанияны халықаралық капитал нарығына шығарудың басты шарты басқару сапасын түбегейлі жақсарту, қаржылық тәртіпті күшейту, есептеуді халықаралық талаптарға сәйкестендіру және несиелік рейтингті көтеру екенін атап өтті.
Жыл соңына дейін ұлттық әуе компаниясы акцияларының 15–20 пайызын халықаралық нарықта IPO арқылы сату жоспарланған. Осыған орай компания қызметіне тәуелсіз баға беру, инвестициялық тартымдылығын арттыру, арнайы әуе кемелерін компания балансынан шығару және мемлекеттік тапсырыс негізінде көрсетілген қызметтердің шығынын өтеу тетігін енгізу жөнінде нақты шаралар белгіленді.
Таныстырылым барысында туризм саласындағы жоғары өсім қарқыны ұлттық әуе тасымалдаушының алдына жаңа міндеттер қойып отырғаны да айтылды. Жыл басынан бері Өзбекстанға келген туристер саны 27,5 пайызға артып, шамамен 5,5 миллион адамға жеткен. Әсіресе Қытай, Малайзия, Жапония және АҚШ-тан келетін саяхатшылар саны айтарлықтай көбейген.
Алайда ұлттық әуе компаниясы бұл өсімге жеткілікті деңгейде жедел бейімделе алмай отырғаны, әуе кемелері паркін кеңейту жұмыстарында кідірістер бар екені атап өтілді.
Осыған байланысты авиакомпаниядағы сатып алу жүйесін ерекше тәртіппен ұйымдастыру, ұшақтар паркін кеңейту жөніндегі шешімдерді жедел қабылдау және бұл үдеріске халықаралық тәжірибені енгізу міндеті жүктеді.
Мемлекет басшысы Ташкентті Орталық Азияның ірі авиациялық хабына айналдыру үшін барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Ол үшін «Uzbekistan Airways», «Uzbekistan Airports» және «Жаңа Ташкент» әуежайы арасындағы ынтымақтастықты біртұтас жүйе негізінде үйлестіріп, инфрақұрылымды, бағыттар желісін және транзиттік мүмкіндіктерді өзара сабақтастықта дамыту қажеттігі көрсетілді.
Жауапты тұлғаларға Ұлттық инвестициялық қор портфеліндегі кәсіпорындарды трансформациялау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру үшін арнайы жобалық кеңсе құру, компаниялардың басқару органдарына халықаралық қаржы нарықтарының талаптарын жақсы білетін тәжірибелі мамандарды тарту, сондай-ақ әрбір кәсіпорын бойынша IPO-ға дайындықтың нақты кестесін әзірлеп, оның орындалуын қатаң бақылауға алу тапсырылды.