Мәліметке сәйкес, футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионаты қарсаңында әлеуметтік желілерде, интернет-сайттарда және Telegram арналары арқылы букмекерлік қызметтерді, құмар ойындарды және тәуекелге негізделген басқа да ойындарды насихаттайтын жарнамалық материалдардың таралуы айтарлықтай белсенділенген.

Бәсекелестік комитетінің хабарлауынша, ірі спорттық жарыстарға деген қоғамдық қызығушылықты пайдалана отырып, кейбір тұлғалар азаматтарды букмекерлік платформаларға тартуға әрекет жасауда. Бұл ретте спорттық нәтижелерге ақша тігу, қысқа уақыт ішінде табыс табу немесе ірі ұтыстарға қол жеткізу жөніндегі уәделер арқылы халықты тәуекелге негізделген ойындарға қатысуға шақыру фактілері кездесіп отыр.

Комитет «Жарнама туралы» заңның 46-бабына сәйкес құмар ойындарды және тәуекелге негізделген басқа да ойындарды, соның ішінде интернет пен телекоммуникациялық желілер арқылы ұйымдастырылатын осындай қызметтерді жарнамалауға тыйым салынғанын еске салды.

Сонымен қатар букмекерлік қызметтер мен құмар ойындарды насихаттау, олардың жарнамасын дайындау, орналастыру немесе тарату қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені атап өтілді.

Хабарда кейбір тұлғалардың өз қызметін жасырын түрде жүргізуге, жалған аккаунттар мен бүркеншік аттарды пайдалануға, сондай-ақ жарнаманы шетелдік платформалар арқылы таратуға тырысатыны айтылған. Алайда мұндай әрекеттер де өкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында болады.

Сондай-ақ Бәсекелестік комитеті интернет желісінде, әлеуметтік медиа платформаларында және басқа да ақпараттық ресурстарда орналастырылып жатқан жарнамалық материалдарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырғаны айтылған. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін өкілетті мемлекеттік органдарға, соның ішінде Ішкі істер министрлігінің киберқауіпсіздік бөлімшелеріне жолдануда.