Мемлекет басшысының 2023 жылғы 17 ақпанда қабылданған «Қоғамдық көлік жүйесін реформалау шаралары туралы» қаулысына сәйкес өңірлерде автокөлік қызметі жақсарып, қоғамдық көлік бағыттары кеңейтіліп келеді.
Осы орайда автобус парктерін заманауи талаптарға сай жаңғыртуға, бағыттар бойынша экологиялық таза көлік қозғалысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылып жатыр.
Осы мақсатта Самарқанд қаласына алғашқы кезеңде 49 миллион доллар қаржыға 100 заманауи электробус жеткізілді. Аталған «Yutong» маркалы электробустар 30 орындық болып, жалпы сыйымдылығы 75 жолаушыға арналған.
Жаңа автобустар үшін шамамен 4 гектар аумақта автопарк салынды. Мұндағы қуаттау станциясы бір мезгілде 50 қоғамдық көлікке қызмет көрсете алады.
Электробустарға арналған жабық тұрақта техникалық қызмет көрсетуге қажетті жылжымалы жөндеу техникасы да қарастырылған. Қазіргі таңда бұл электробустар қаланың 9 бағыты бойынша брутто-келісім негізінде қатынап, күніне шамамен 70 мың жолаушыға қызмет көрсетуде.
Жобаның екінші кезеңінде тағы 250 электробус сатып алу жоспарланған. Бұл үшін Еуропа қайта құру және даму банкінен 120 миллион доллар қаржы тарту көзделген. Нәтижесінде жанармай шығыны 32 мың литрге, зиянды газдар көлемі 27 тоннаға азаяды.
Қазіргі уақытта автопаркте 265 қызметкер еңбек етуде. Ал жаңа электробустарды жеткізу барысында тағы 500-ден астам жұмыс орны ашылады.
Мемлекет басшысы жаңа автобустарды аралап көрді.
– Бұл саланың экономикалық тұрақтылығын арттыру үшін электробустарға қызмет көрсететін, оларды жөндейтін мамандарды даярлау бойынша Самарқанд тәжірибесін қалыптастыру қажет, – деді Президент
Сондай-ақ осы жерде Самарқанд қаласында қоғамдық көлікті дамыту, оның ішінде автобус қозғалысын цифрландыру жөніндегі жұмыстар таныстырылды.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Гагарин және Рудакий көшелерінің қиылысында салынған жол өткелімен де танысты.
Ұзындығы 600 метр болатын туннель 12 миллион доллар қаржыға салынған және тәулігіне орта есеппен 50 мың көлік өткізе алады.
Көшелер бойына электронды басқарылатын түнгі жарықтандыру жүйесі мен жерасты жаяу жүргіншілер өткелі салынған.
Туннель Қытай және Түркия құрылыс компанияларымен бірлесіп салынды. Қабырғалары заманауи технологиялар негізінде бұрғылау әдісі арқылы бекітілген.
Құрылыс жұмыстары көлік қозғалысын тоқтатпай жүргізілді. Аумақ көгалдандырылып, сәндік ағаш көшеттері отырғызылды.