Бұл салалар халқымыздың мәдениеті мен жас ұрпақ тәрбиесінің ажырамас бөлігі болып саналады. Алайда ұзақ жылдар бойы суретшілер жеткілікті деңгейде назарда болмаған еді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Мәдени-ағарту кеңесінің кеңейтілген отырысында бұл мәселеге тоқталып, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берген болатын.
Жобаға сәйкес, 2026–2027 жылдары Инвестициялық бағдарлама аясында Көркемсурет академиясының Орталық көрме залы мен қоры ғимараты қайта жаңғыртылып, Ташкенттегі фотосурет үйінде Мультимедиа орталығын құру жоспарланған.
Ең маңыздысы — өнерге құштар жастар үшін мүмкіндіктер кеңейтіледі. Атап айтқанда, Көркемсурет қоры аумағында заманауи галерея мен 40 шығармашылық шеберханадан тұратын Жас суретшілер орталығы салынады, Шығыс миниатюра өнері музейінде оқу-өндірістік шеберхана құрылады. Беньков атындағы көркемсурет мектебі жөнделіп, 400 орындық қосымша оқу ғимараты мен 200 орындық жатақхана тұрғызылады.
«Ұстаз бен шәкірт» қағидасы негізінде жас қалам иелерін тәрбиелеп жүрген тәжірибелі суретшілер қосымша ынталандырылады. Жыл сайын байқау арқылы ең дарынды шығармашыл жастар шетелге тәжірибе алмасуға жіберіледі.
Камолиддин Бехзод атындағы Ұлттық бейнелеу өнері және дизайн институтында білім беру сапасын арттыру шаралары қабылданады. Мұнда озық шетелдік оқу жоспарлары мен бағдарламалар кезең-кезеңімен енгізіледі. Профессор-оқытушылардың көркем туындылары ғылыми монографиямен теңестіріледі. Сонымен қатар, осы институт түлектеріне мектептерде бейнелеу өнері пәнінен сабақ беруге рұқсат етіледі.
«Жаңа Өзбекстан көріністері», «Тарихи ғұламалар» және «Замана қаһармандары» сериясындағы шығармашылық жұмыстарды мемлекеттік тапсырыс негізінде жасау жүйесі енгізіледі.
Мемлекет басшысы өңірлерде де суретшілер үшін жағдайды жақсарту, жастарды бейнелеу және қолданбалы өнерге баулу қажеттігін ерекше атап өтті.









