Жасанды интеллект технологиялары қазіргі таңда экономикадан бастап білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен басқару жүйесіне дейін терең еніп барады. Жыл басында 2030 жылға қарай әлемдік экономикада жасанды интеллекттің үлесі 15 триллион долларға жетеді деп болжанса, қазіргі талдаулар бұл көрсеткіштің 20 триллион доллардан асатынын көрсетіп отыр.
– Бүгін адамзат жаңа өркениет кезеңіне – жасанды интеллект дәуіріне батыл қадам басуда. Қай сала болмасын, кім осы үдерісте ізденіп, нақты нәтижеге жете білсе, сол алға озады, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстанда да жасанды интеллектті дамыту жөнінде арнайы қаулы қабылданып, саланың құқықтық негіздері қалыптастырылды. Қысқа уақыт ішінде мемлекеттік қызметтер, банк және қаржы, қоғамдық қауіпсіздік, көлік сияқты бағыттарда 30-дан астам пилоттық жоба іске қосылды.
Өткен жылы 2030 жылға дейінгі жасанды интеллектті дамыту стратегиясы бекітіліп, Цифрландыру министрлігінің жанынан осы салаға арналған арнайы орталық құрылған еді.
Нәтижесінде бір жыл ішінде Өзбекстанның жасанды интеллектке дайындық жөніндегі халықаралық индексі бойынша көрсеткіші 17 сатыға жоғарылап, Орталық Азияда 1-орынға ие болды.
Енді министрлер мен салалық басшылардың цифрландыруға жауапты орынбасарлары жасанды интеллектті дамытуға да жауапты болады. Қалалар мен аудандарда да әкімдердің цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі кеңесшісі лауазымы енгізіледі. Келер жылдан бастап министрліктер мен өңірлерде жасанды интеллектті енгізу деңгейін бағалайтын рейтинг жүйесі жолға қойылады.
Шетелдік сарапшылар Өзбекстанның жасанды интеллект саласындағы потенциалын 10 миллиард доллар көлемінде бағалап отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, әлемде жасанды интеллектке деген сұраныс артқан қазіргі кезде бәсекеге қабілетті болу үшін инфрақұрылым, ашық мәліметтер және кадр даярлау сияқты үш маңызды бағытқа ерекше көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді.
Денсаулық сақтау, энергетика, банк және қаржы, кеден мен салық, көлік, тау-кен және ауыл шаруашылығы салаларында жасанды интеллектке қатысты 100 жоба жоспарланған. Оларды іске асыру үшін тиісті қуаттар мен заманауи суперкомпьютерлер қажет. Алайда қазіргі қолда бар қуат тек шағын жобаларды жүзеге асыруға ғана жетеді.
Сондықтан заманауи суперкомпьютерлік кластерлер мен деректер орталықтарының санын көбейту қажеттігі айтылды. Биыл 16 суперкомпьютер сатып алу үшін 50 миллион доллар бөлінді, ал келесі жылы бұл сома екі есеге арттырылады.
Саланы инвестициямен қолдау мақсатында Қарақалпақстанда жеңілдетілген режим енгізілмек. Жасанды интеллект инфрақұрылымына 100 миллион доллардан астам инвестиция салған инвесторларға электр энергиясының бағасы 5 цент болып бекітіледі, IT-парк жеңілдіктері қолданылады, ал импорттық жабдықтар кедендік төлемдерден босатылады.
Сондай-ақ қашық аймақтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында келесі жылдан «спутниктік интернет» операторларының қызметі жолға қойылады. Олар бес жыл бойы жер, мүлік, пайда және қосылған құн салықтарынан босатылады.
Министрліктер мен ведомстволарда мәліметтердің әртүрлі серверлерде шашыраңқы сақталып, олардың форматтарының бір-бірінен айырмашылығы жасанды интеллекттің жедел дамуына кедергі келтіріп отырғаны атап өтілді. Сондықтан министрліктер мен ведомстволардағы 55 дерек қорды, ал келесі жылы қалған барлық базаларды бірыңғай деректер орталығына көшіру тапсырылды.
– Жасанды интеллект бағдарламалары тиімді жұмыс істеуі үшін, ең алдымен, олар өзбек тілін жетік түсінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбек тіліндегі әдебиеттерді, деректерді, мақалаларды, есептер мен ғылыми еңбектерді цифрландыру және жасанды интеллекттің ұлттық мәдениет пен құндылықтарды дұрыс бейнелей алуы үшін «Өзбек тілі корпусы» базасын құру қажеттігі айтылды.
Президент жасанды интеллект саласында кадр даярлауды ең алдымен мектептерден бастау керектігін атап өтті.
Осыған байланысты келесі оқу жылынан бастап «Информатика» пәнінің оқу бағдарламасына жасанды интеллектке қатысты тақырыптар енгізіледі. Бұл мақсатта Массачусетс технологиялық институтымен бірлесіп арнайы оқулық әзірленеді.
Жастардың жасанды интеллектке қатысты идеяларын анықтап, жобаларын қолдау үшін «Бір миллион жасанды интеллект көшбасшысы» жобасы кеңейтіледі. Осы бағытта ұлттық байқау өткізіліп, үздік нәтиже көрсеткен жастар, олардың ұстаздары мен оқу орындары лайықты түрде марапатталады.
Жиында жоғары оқу орындарында жасанды интеллект зертханаларын құру шаралары да белгіленді. «Жаңа Өзбекстан» университетінде «сала – оқу орны – серіктес» қағидаты негізінде жұмыс істейтін «жасанды интеллект кластері» іске қосылады. Университеттерде жасанды интеллект, финтех, киберқауіпсіздік, IT-инженерия, аэроғарыш және бұлтты технологиялар сияқты бағыттар бойынша мемлекеттік грант квоталары 35 пайызға көбейтіледі.
Студенттердің жасанды интеллектке қызығушылығын арттыру мақсатында әр өңірде жоғары оқу орындары командалары арасында ұлттық деңгейдегі жарыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар жүлде қоры 1 миллион доллар болатын «Жасанды интеллект саласындағы үздік стартап» байқауы өткізіледі.
Жалпы, саланы дамытуда жетекші компаниялар, шетелдік сарапшылар мен отандастарымызды, ірі мемлекеттік кәсіпорындар, банктер және жоғары оқу орындарының күш-жігерін біріктіру мақсатында Жасанды интеллект альянсын құру бастамасы қолдау тапты.












