Бүгінде ел аумағында ұзындығы 50 мың шақырым болатын суару желілері бар, 1,6 мың сорғы станциясы мен 10 мыңнан астам су нысандары жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары Өзбекстанда су шаруашылығын реформалау, ирригациялық инфрақұрылымды жаңарту және су ресурстарын үнемді пайдалану бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Алайда төменгі буындағы басқару жүйесінде, соның ішінде қызмет көрсету тиімділігі, есеп-қисаптың ашықтығы мен қаржылық дербестікке қатысты шешімін күткен бірқатар мәселелер бар.
Таныстырылымда саланы цифрландыру үдерістерін тереңдету және қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар талқыланды.
Жаңа тәсіл аясында су есебін жүргізу толық электрондық форматқа көшіріледі. «Suv hisobi» ақпараттық платформасы арқылы пайдаланылған судың нақты көлемі есептеліп, тұтынушыларға электрондық түрде жеткізіліп отырады. Бұл жүйе есептеуде адам факторын азайтып, артық құжат айналымын жояды және ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттырады.
Деректердің нақтылығын қамтамасыз ету мақсатында «Цифрлық ауыл шаруашылығы» платформасымен интеграция жүргізіледі. Осы арқылы суарылатын жерлер, дақыл түрлері мен су лимиттері туралы ақпарат автоматты түрде жаңартылып отырады.
Сондай-ақ барлық мәліметтерді бір жүйеге топтастыру үшін Су шаруашылығы министрлігінің «Су шаруашылығын цифрландыру және мониторинг орталығы» құрылады. Орталық су балансы, сорғы станциялары және су шығыны бойынша деректерді талдап, шешім қабылдау үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Бұдан былай су шаруашылығын цифрландыру мәселелерімен арнайы министр орынбасары айналысатын болады.
Салада «Мемлекеттік су кадастры» ақпараттық жүйесі жасалады. Ол арқылы су ресурстарына қатысты мәліметтер тиісті министрліктер мен ведомстволардан жиналып, бірыңғай деректер базасында қалыптастырылады. Бұл өз кезегінде ақпарат алмасу процесін жеңілдетіп, қағаз түріндегі есеп беру тәжірибесін қысқартады. «Мемлекеттік су кадастры» жүйесін 2026 жылдың сәуіріне дейін толық іске қосу жоспарланған.
Төменгі буындағы қызмет көрсету жүйесін жетілдіру мәселелері де қаралды. Қажеттілік пен маусымдық жағдайға қарай штаттық құрамды өзгертіп басқару жүйесі енгізіледі. Қызметтердің тиімділігі KPI көрсеткіштері негізінде бағаланады.
2026 жылдан бастап қызметкерлерді ынталандыру жүйесі нақты нәтижелерге байланысты болады, яғни жеткізілген су көлемі мен пайдаланылған мөлшер арасындағы айырмашылық негізінде бағаланады.
Мекемелердің қаржылық дербестігін арттыру мақсатында су салығынан түскен қаражаттың 40 пайызы өздерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады.
Су шаруашылығындағы сорғы станцияларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде басқару тәжірибесі кеңейтіледі. 2026 жылы Жызақ, Қашқадария, науаи, Наманган, Самарқанд және Сырдария облыстарындағы сорғы станцияларының 50 пайызы, ал 2027 жылға қарай Наманган облысындағы барлық станциялар жеке серіктестікке берілуі жоспарланып отыр.
Осы бағытта Наманган облысының «Чартак» ауданында «бір сорғы – бір жүйе» қағидаты негізінде «Чартак тәжірибесі» жүзеге асырылады. Мұнда жеке әріптес тұтынушыларды су лимиті аясында сумен қамтамасыз етеді, ал сорғы станцияларына байланысты жерлерден жиналатын су салығының 40 пайызы жеке серіктеске төленеді. Осы қаражат есебінен су есебін автоматтандыру және сорғы станцияларын кезең-кезеңімен жаңғырту жүзеге асырылады.
Диқандар мен фермерлерге бұл тәжірибенің мазмұны мен артықшылықтарын түсіндіру мақсатында «Су мамандары мектебі» жобасы аясында 2025–2026 жылдары әр ауданда бір «оқу-дала алаңы» ұйымдастырылып, барлығы 141 ауданда 3,5 мың гектар жер қамтылатын болады.
Мемлекет басшысы саланы цифрландыруды жеделдету, есеп және қорытынды үдерістерін толық автоматтандыру, төменгі буындағы қызмет көрсету тиімділігін арттыру, мемлекеттік-жекеменшік сеоіктестікті кеңейту және қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, осы бағыттағы тиісті құжаттарға қол қойды.











