Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп, екі ел басшыларының төрағалығымен Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысы ұйымдастырылады.

Алдағы кездесулердің күн тәртібінде екіжақты достық пен тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері қарастырылмақ.

Тараптар саяси диалогты күшейтуге, сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, сондай-ақ көлік саласындағы өзара байланыстарды жетілдіруге ерекше мән береді. Сонымен қатар су және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мәдени-гуманитарлық алмасуларды жалғастыру мәселелері де басты назарда болады.

Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты форматтар аясындағы ықпалдастықты талқылайды.

Сапар барысында бірқатар жаңа бірлескен жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған екіжақты құжаттардың ауқымды топтамасына қол қою көзделген.