Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Баспасөз мәслихатында Тәжікстан Республикасының қаржы министрі Файзиддин Қаҳҳорзода биыл үкімет Роғун ГЭС-інің құрылысына кемінде 10 миллиард сомони (шамамен 1 миллиард доллар) бөлуге ниетті екенін мәлімдеді. Соның ішінде республиканың өз қаражаты 8,2 миллиард сомониді (872 миллион доллар) құрайды және бұл қаражаттар мемлекеттік бюджеттен бөлінеді.

Министрдің айтуынша, халықаралық серіктестерден инвестиция тарту арқылы қаржыландыру көлемі ұлғаюы мүмкін.

«Тәжікстан үкіметі осы қаражаттарды алу үшін белгілі бір талаптарды орындау керек еді. Барлық шарттар толық орындалды, нәтижесінде Дүниежүзілік банктен 350 миллион доллар көлеміндегі алғашқы транш арқылы қаржыландыру басталды. Осы ұйымнан қосымша 300 миллион доллар бөлу жөніндегі келіссөздер де сәтті аяқталды. Бұл қаражаттарды үстіміздегі жылдың ортасында алу мүмкін », – деді Ф. Қаҳҳорзода.

Оның сөзінше, Ислам даму банкі, Сауд Арабиясының даму қоры, Кувейт даму қоры және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арқылы жалпы сомасы 850 миллион долларды құрайтын қаражаттарды тарту тәртібі де аяқталу сатысында.

Роғун ГЭС-і – Роғун қаласының маңындағы Вахш өзенінде салынып жатқан ірі гидроэлектр станциясы. Жоба толық аяқталғаннан кейін, биіктігі 335 метр болатын бөгет әлемдегі ең биік гидроэлектр станциясына, ал орнатылған қуаты 3780 МВт болатын станция Орталық Азиядағы ең ірі энергетикалық нысанға айналады. Өндірілген электр энергиясын CASA-1000 жобасы аясында Пәкістанға экспорттау жоспарланып отыр, деп хабарлады oz.inform.kz.