«WBM Fabrics» атаулы бұл кәсіпорын қайта өңдеу тізбегінің келесі кезеңін құрайды. Жалпы құны 50 миллион долларды құрайтын инвестициялық жоба аясында заманауи өндірістік нысан салынып, Италия мен Германиядан жоғары технологиялық жабдықтар жеткізіліп, орнатылған. Матаны бояу және өрнек салу желісі іске қосылған. Кәсіпорын жылына 24 мың тонна осындай жоғары сұранысқа ие өнім шығаруға қауқарлы. Жоба аясында 600 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Тағы бір назар аударарлық жайт — кешенде Италиядан әкелінген заманауи су тазарту құрылғысы орнатылған. Онда бояу цехынан шыққан техникалық су тазартылады және қайта пайдаланылады. Бұл – үнемділік пен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Мемлекет басшысы кәсіпорындағы жұмыс барысын аралап көріп, мамандармен сұхбаттасты. Өндірістік алаңдарды тиімді пайдалану, энергия үнемдеу арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендету, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Айта кету керек, бұл кәсіпорын сыртқы нарыққа бағытталған, жылдық экспорт көлемі 55 миллион долларды құрайды.
Әндіжан облысында тоқыма өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Өңірде өсірілетін мақта заманауи кластерлік жүйеде терең өңделуде. Облыстың республика тоқыма өнеркәсібіндегі үлесі – 16,5 пайыз. 2024 жылы Әндіжанда 20 триллион сумға тең тоқыма өнімдері өндіріліп, 488 миллион доллар көлемінде экспорт жасалған. Бұл облыстың жалпы экспортының 42 пайызын құрайды.