Өзбекстанның экономикалық дамуы елордамыз – Ташкенттің келбетінде айқын көрініс тауып отыр. Барлық аудандар мен қала маңында құрылыс қарқыны жылдам жүріп жатыр. Соңғы жылдары Жаңа Ташкенттің құрылысы да басталып, ол бірыңғай мегаполиске айналып келеді.
Аймақты теңгерімді дамыту мақсатында Ташкент қаласының 2045 жылға дейінгі бас жоспары қабылданған. Онда қаланың құрылыс жоспарлары, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, қорғалатын аумақтар бойынша негізгі көрсеткіштер белгіленген.
«Жобалық шешімдер атласы» осы Бас жоспардың қисынды жалғасы болып, қаланың сыртқы келбеті мен көше ортасына қойылатын жалпы талаптарды қамтиды. Бұл – құрылысты жобалау, орнату және пайдалану ережелерін сипаттайтын бес томдық анықтамалық-каталог. Әрбір бөлімде қоғамдық кеңістіктерді ұйымдастыру мен көріктендіру, ғимараттардың сыртқы бөлігін бірегей сәулеттік бейнеге келтіру жөнінде ұсыныстар берілген.
Мысалы, қазіргі стандарт бойынша жолдарды салу және жөндеу тек жүріс бөлігіне дейін – «қызыл сызыққа» дейін жүргізіледі. Ал дамыған қалалардың тәжірибесінде жол құрылысы екі жақтағы ғимараттар аралығында жүзеге асады. Бұл тәсіл қараусыз қалған бос жерлерді болдырмай, көше бойының тұтас және үйлесімді көркемделуіне мүмкіндік береді.
Атлас қалалық ортаны жобалауда орнықты даму мақсаттары мен ұлттық нақышты үйлестіруге бағытталған. Ол үйлесімді әрі экологиялық таза кеңістіктер құруға септігін тигізіп, халықтың өмір сапасын арттырады. Ашық қоғамдық орындарды дамытуда қателіктерге жол бермеуге көмектеседі.
Таныстырылым барысында осы талаптардың мазмұны мен мәні, әрі олардан туындайтын міндеттер талқыланды. Қаланың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, оның келбетін жақсарту, жол бойларын абаттандыру және тұрмыс мәдениетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.









