Таныстырылым барысында Ташкент – Самарқанд бағыты бойынша жаңа заманауи автомагистраль салу жобасы қаралды. Жоспарға сәйкес, бұл жолдың жалпы ұзындығы 282 шақырымды құрайды. Оның ішінде 140 шақырымдық учаскелерде топырақты нығайту жұмыстары жүргізіледі. Жоба аясында 12 көлік айырығы, 91 көпір және 16 жол өткелі салу көзделген.
Бес жыл ішінде салынуы жоспарланған бұл жол Ia санатына жатады, яғни автокөлік жолдарының ең жоғары техникалық және қауіпсіздік стандарттарына сай келетін магистраль болады. Жол бойында әрбірінің ені 3,75 метр болатын цемент-бетон жабындысымен алты қозғалыс жолағы салынады. Жолдың жобалық жылдамдығы сағатына 150 шақырым болып белгіленеді.
Сонымен қатар Ташкент – Ангрен – Қамчиқ асуы бағыты бойынша ұзындығы 171 шақырым болатын балама автокөлік жолын салу жобасы да жүзеге асырылады. Бұл жолда 33 шақырымдық тоннельдер мен бірқатар ірі инженерлік нысандар салу жоспарланған.
Мемлекет басшысына аталған ірі жобаларды қаржыландыру көздері және шетелдік инвесторларды тарту бағытында жүргізіліп жатқан келіссөздер туралы ақпарат берілді.
Автомагистральдарды жобалау кезінде заманауи көлік инженериясының шешімдерін пайдалану, интеллектуалды басқару және мониторинг жүйелерін енгізу, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.
Таныстырылымда сондай-ақ Ташкент – Шарбақ және Үргеніш – Хиуа жолдарын салу жобаларының жүзеге асу барысы туралы да мәлімет берілді.
Сонымен қатар, Ташкент қаласының жаңа халықаралық әуежайын салу жобасының негізгі параметрлері қаралды. Жобаның бірінші кезеңінде 208,4 мың шаршы метрлік жолаушылар терминалын, сондай-ақ ұзындығы 4 шақырым болатын екі ұшу-қону жолағын салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, жылына 20 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге, сағатына 30 ұшақтың ұшып-қонуын қамтамасыз етуге арналған инфрақұрылым құру, сондай-ақ 169 әуе кемесіне арналған тұрақ алаңын ұйымдастыру көзделген.
Қазіргі уақытта болашақ әуежай аумағында жүргізіліп жатқан жобалау-іздестіру жұмыстары және алдағы кезеңдер жөнінде де ақпарат берілді.
Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға жобаларды техникалық және экономикалық тұрғыдан жан-жақты пысықтау, құрылыс жұмыстарын заманауи стандарттар негізінде ұйымдастыру, сондай-ақ көлік инфрақұрылымының ұзақ мерзімді тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.