Мемлекет басшысы бастамасымен құрылған бұл мемориал Тәуелсіздік жылдарында ел қорғанысы жолында қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің рухына арналған.
Мемориал кешені жоғарыдан қарағанда Өзбекстан туындағы жарты ай мен он екі жұлдыз бейнесінде салынған. Биіктігі шамамен екі метрге жететін жұлдыздардың қырлары естелік тақтасын өтейді. Олардың бүйір бетіне 196 қаһарманның есімі алтын әріптермен қашап жазылған. Сондай-ақ бұл жазулардың жанына орнатылған мониторлар арқылы жанқияр ұландар туралы фото және бейнематериалдар ұсынылады. Яғни, олар тек есім ғана емес, балалық шағы, арманы, қызметі мен отбасы жайлы бейне деректер пайда болады.
Жарты ай бейнесіндегі элемент ғажайып амфитеатр түрінде жасалып, аллеяға ерекше әр берген. Оның төбесінен тазалық символы – су ағып тұрады. Ал жарты айдың артқы жағындағы мүсіндік композиция бүкіл көркем идеяның шегін белгілеген. Оның орта тұсында – ұлын әскери борышқа аттандырып тұрған ата-ананың бейнесі, ал екі қапталында Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері, Жоғарғы сот пен Бас прокуратура, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, Кеден комитеті және Ұлттық гвардия құрылымдары қызметкерлері бейнеленген.
Президент осы жерде марқұм әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен кездесті.
– Біз жыл сайын бұл жерге келіп, Екінші дүниежүзілік соғыстағы құрбандарды еске аламыз. Енді Тәуелсіздік жолында жан қиғандар рухына арнап осындай кешен ұйымдастырғанымыз қайырлы іс. Өйткені олар да біздің ұлттық қаһарманымыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл алаңның рухани маңызы зор. Бұл – өзіңді тану, бұл – адамға деген құрмет, – деді Шавкат Мирзиёев.
Мемлекет басшысы Отан қорғаушылардың отбасыларына ризашылығын білдірді.
– Бұл батыр жігіттер қауіпті сәттерде өз жанын ойламай, халқына адал қызмет етті. Бүгінгі тыныштық пен бейбіт аспан үшін олардың үлесі зор. Олардың отбасылары мен жақындары білуі керек – олар арамызда, тірі бейнедей, есімдері ешқашан ұмытылмайды. Мұны неге осы алаңда қашап жаздық. Мен олардың ата-анасына, жарына бас иемін. Ұрпақтары батыр әкелеріне лайық азамат болуын қалаймын, – деді Президент.
Сонымен қатар, «Ұлт жанашырлары» туған аудандарда еске алу іс-шараларын өткізу, олардың ерлігі жайлы жас ұрпаққа өнеге ету, қаһармандығы туралы шығармалар жазу қажеттілігі айтылды.
Шавкат Мирзиёев Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек майданына қатысқан ардагерлермен де кездесіп, оларды мерекемен құттықтады.
– Ең алдымен, сіздерді және барша ардагерлерімізді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Халқымыз атынан сіздерге шексіз алғыс айтамын. Сіздердің ерліктеріңіздің арқасында бүгінгі ұрпақ осындай бейбіт өмір сүруіп отыр. Бұл бейбітшіліктің қадірін жастарға сіздер арқылы жеткізуіміз керек. Сіздің өмір жолыңыз – бізге үлгі, әр сөзіңіз – үлкен тәрбие мен білім. Алла қаласа, денсаулығыңыз мықты болып, әлі де көп жылдар бойы халқымыздың ардақтысы болып жүре беріңіз, – деді Президент.
Ардагерлер елімізде тарихи жағдайдың ұлықталып жатқанына, қарияларға көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.
Өзбекстан Республикасы Президентінің 19 ақпандағы Жарлығына сәйкес, соғыс және еңбек ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетілуде. Атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне – 10 мың АҚШ доллары, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға – 25 миллион сум, еңбек майданына қатысқандарға – 3 миллион сум көлемінде бір реттік ақшалай сыйақы берілуде. Сондай-ақ, көптеген ардагерлерге «Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалі табысталуда.
Соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне медициналық және әлеуметтік қызметтер, оның ішінде патронаж көмек көрсетілуде. Өз қалауы бойынша олар шипажайларда ем қабылдап жатыр.
Тиісті министрліктер мен ведомстволар, әскери бөлім басшылары Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагерлерінің, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларымен тығыз байланыста болып, тұрмыстық мәселелеріне көмек көрсетіп отыр.