баннер
25 Apr 2025
22:05

    Президент «Sea Breeze Uzbekistan» халықаралық туризм орталығының мастер-жоспарымен танысты

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 14 сәуір күні «Sea Breeze Uzbekistan» халықаралық туризм орталығының мастер-жоспарының тұсаукесерімен танысты.

    Республикадағы қолайлы инвестициялық ахуалдың арқасында барлық салаға озық идеялар мен жаңа бастамалар қарқынды енуде, заманауи кешендер мен инфрақұрылымдар бой көтеріп жатыр. Мәселен, туризм саласында соңғы жылдары 2 мыңнан астам жаңа кәсіпкер жұмыс бастады. Өткен жылы Өзбекстанға алғаш рет 10 миллионнан астам шетелдік турист келген. Ал бір ғана Ташкент облысының Бостанлық аймағында «Амирсой», «Ugam River» сынды курорттар мен «Бельдирсой–Чимган–Нанай» туристік аймағы құрылды.

    Туризмдегі осындай серпінді өсім шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыруда. Бұған дейін Шарбақ су қоймасы маңында «Sea Breeze Uzbekistan» халықаралық туризм орталығының құрылысы басталатыны туралы хабарланған болатын. Бүгінгі таныстырылымда осы ірі жоба бойынша бірнеше шетелдік компанияның қатысуымен әзірленген мастер-жоспар талқыланды.

    Жоспарға сәйкес, туризм орталығы 10 шағын аймаққа бөлініп салынады. Әр аймақ ішінде жаяу жүріп-ақ қол жеткізуге болатын демалыс және ойын-сауық нысандары болады. Екі жағалау арасында көпір салу арқылы келушілерге қолайлы жағдай жасалады. Су жағасында аллеялар, жағажайлар мен демалыс орындары, ал тау баурайында қонақүйлер, коттедждер, тұрғын үйлер, мейрамханалар мен амфитеатрлар орналасады. Сонымен қатар, мәдениет, білім, медицина және спорт нысандары да бой көтермек. Яғни, бұл жер тек туризм аймағы ғана емес, жыл бойына өмір сүруге мүмкіндік беретін заманауи кешенге айналады.

    Мемлекет басшысы аталған жоба барлық келушілер үшін қолайлы болуы тиіс екенін атап өтіп, кешенді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

    Мы в Телеграм
    Text to speech