Бұл жай ғана ойын емес — өзбек футболының үлкен мерекесіне айналды. Бұл — әлем чемпионатына іріктеудің соңғы матчы еді. Алайда өзбекстандық аладоп шеберлері әлем чемпионатына жолдаманы алдын ала қамтамасыз еткен. Өзбекстан ұлттық құрамасы тарихта тұңғыш рет футболдан әлем чемпионатына қатысатын болды!

Бұл — футболсүйер халқымыз көп жылдан бері армандап күткен қуанышты сәт. Бұған дейін ұлттық құрамамыз жеті мәрте іріктеу кезеңдеріне қатысып, бірде күнтізбе, бірде голдар айырмасы, кейде шеберлік жетіспеушілігі арқасында, әлемдік додаға жолдама ала алмай келген еді.

Нағыз нәтиже үшін сылтауға орын қалдырмайтындай мықты іргетас қажет болатын. 2018 жылғы 16 наурызда Мемлекет басшысының қаулысымен 2018–2022 жылдарға арналған футболды дамыту бағдарламасы қабылданған еді. Бұл бағдарлама аясында талантты жастарды іріктеу, оларды кәсіби деңгейге дейін тәрбиелеу және ұлттық құрамаларға резерв қалыптастыру мақсатында 14 өңірде балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академиялары құрылды. Жаттығу және жарыстардың сапасы артты. Бапкерлер, төрешілер мен өзге де мамандарға назар күшейтілді.

2019 жылғы 4 желтоқсанда Президентіміз «Өзбекстанда футболды дамыту бойынша түбегейлі жаңа кезеңге көшу шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Онда клубтардың жұмысын жандандыру, халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлау, ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу процесін заманауи негізде ұйымдастыру және беделді халықаралық турнирлерді ел аумағында өткізу міндеттері белгіленген. 2023 жылғы 8 сәуірде қабылданған бұқаралық және кәсіби футболды жан-жақты дамыту жөніндегі Президенттің жаңа қаулысы да айрықша рөл атқарды.

Осындай жүйелі қолдау нәтижесінде біртіндеп үлкен табыстарға қол жетті. 2018 жылы Қытайда өткен жарыста U-23 құрамамыз Азия чемпионы атанды, 2023 жылы Өзбекстанда өткен турнирде U-20 жасөспірімдер Азия чемпионы атанды. Ел аумағында ФИФА мен АФК бағдарламалары аясында турнирлер өткізу дәстүрге айналды.

2024 жылы өзбек футболында жаңа парақ ашылды – 23 жасқа дейінгі құрамамыз алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысты.

Жеңіс пен қуаныш биыл да жалғасын тауып отыр. Жуырда, сәуір айында Сауд Арабиясында өткен турнирде 17 жасқа дейінгі өрендеріміз Азия кубогын жеңіп алып, әлем чемпионатына жолдама алды. Енді негізгі ұлттық құрамамыз да жаңа тарихты бастады.

Өзбекстаносынау үшінші іріктеу кезеңінің «А» тобына түскен еді. Бір жылға жуық уақыт ішінде Иран, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан және Солтүстік Корея құрамаларымен тартысты ойындар өтті. 5 маусымда өткен БАӘ – Өзбекстан матчында тең есеп тіркеліп, 9-тур қорытындысы бойынша ұлттық құрамамыз 18 ұпай жинап, әлем чемпионатына жолдама алды.

Президентіміз Шавкат Мирзиёев осыған байланысты жолдаған құттықтауында футболшыларымыз шынайы ерлік пен табандылық танытып, халқымыздың арманын ақиқатқа айналдырғанын атап өтті:

«Ақиқатында, бұл тарихи жеңіс халқымызды ізгі мақсаттар жолында бұрынғыдан да біріктіреді, мыңдаған жас ұрпаққа шабыт көзіне, үлгі-өнеге бейнесіне айналады, Жаңа Өзбекстанның халықаралық абыройын арттыруға қызмет етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Шынымен-ақ, бұл тарихи оқиға бүкіл халқымыздың басын қосып, үлкен қуаныш сыйлады. Сол себепті де соңғы турдағы Өзбекстан – Қатар матчы нағыз мерекеге айналды.

Кездесу Өзбекстан құрамасының толық үстемдігінде өтіп, нәтижесінде Өзбекстан 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Өзбекстан Республикасы Президентінің 2025 жыл 6 маусымдағы жарлығына сәйкес, Отанымыз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алғаны және жас ұрпақты спортқа, ұлттық мақтаныш рухына тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін ұлттық құраманың бірқатар ойыншылары мен бапкерлері марапатталды. Ойыннан кейін осы марапаттарды табыстау салтанаты өтті. Мемлекет басшысы қаһарман спортшыларымызға құрметті атақ, орден және медальдарды тапсырды. Сонымен қатар, ұлттық құрама мүшелері мен мамандарына BYD маркалы көліктер сыйға берілді.

Осы кездесуді Мемлекет басшысымен бірге Болгария Президенті Румен Радев, Словакия Премьер-Министрі Роберт Фицо және Орталық Азия елдері үкімет басшылары да бірге тамашалады.

Футбол мерекесі дрондар мен отшашу шоуымен аяқталды.

2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. 48 команда 12 топқа бөлініп, бақ сынайды. Әр топта алғашқы екі орынды иеленгендер және үздік нәтиже көрсеткен 8 үшінші орын иегері келесі кезеңге өтеді. Өзбекстан мақтанышы саналатын футболшыларымыздан бұл дүбірлі додада да жақсы нәтижелер күтеміз!