Мемлекет басшысының 2021 жылғы 21 маусымдағы жиһаз өндірісін дамыту қаулысына сәйкес, елдің әлеуеті жоғары аудандарында осындай өнеркәсіп аймақтары құрылуда.
«Хонқа» ауданында бұрыннан жиһаз шеберлері көп болған. Қазіргі таңда бұл салада 140-тан астам кәсіпкер мен 500-ден астам үй шаруашылығында шағын шеберханалар жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін олардың көпшілігі шағын әрі қолайсыз орындарда еңбек еткен.
Осыны ескеріп, 10 гектар жер бөлініп, жиһаз өнімдерін кластерлік әдіс бойынша өндіруді, көрме және сауда нысандарын қамтитын шағын өнеркәсіп аймағы құрылды. Мұнда 61 кәсіпорын 10 миллион долларлық жобамен жұмысын бастады, 650 адам жұмыспен қамтылды.
Кәсіпорындарға Германия, Италия, Швейцария, Түркия және Қытайдан әкелінген заманауи жабдықтар орнатылған. Жылына 108 миллиард сум көлемінде үй, кеңсе, қонақүй, мейрамхана, сауда және әлеуметтік мекемелер үшін жиһаздар өндіруге мүмкіндік бар.
Президент шеберханалардағы жұмыс барысын көрді. Хорезм облысында құрылыс көлемі артқанына, көптеген тұрғын үйлер, қонақүйлер, ғимараттар салынып жатқанына назар аударып, кәсіпорындарға тапсырыстарды көбейту, жаңа өнім түрлерін жергіліктендіру қажеттігін атап өтті.
Шағын өнеркәсіп аймағында дизайнерлер мен технологтарды дайындайтын оқу орталығы да ұйымдастырылған. Оған Түркиядан білікті мамандар тартылған.
Олармен әңгіме барысында жиһаз сапасын қамтамасыз ету, жастардың тәжірибесін арттыру жайлы сөз қозғалды.
Бұл жерде өндірілетін өнімдерді сыртқы нарыққа шығару да жоспарланған. 3 миллион доллардан астам экспорт көлемі көзделген.
Тағы бір маңызды жайт – өнеркәсіп аймағында энергия тиімділігіне баса назар аударылған. Кәсіпорындардың барлығына күн панельдері орнатылған.
Мемлекет басшысы шоурумдағы өнім үлгілерін көріп, олардың сапасы мен дизайнына жоғары баға берді.
Қазіргі таңда Хорезм облысында 300-ден астам кәсіпорын жиһаз өндірумен айналысады. Салада жеке кәсіпкерлер саны 200-ден асады, ал 1 300-ден астам тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтыған.












