«Жаңа буын» арнайы индустриялық аймағында орналасқан бұл кәсіпорын «Korzinka» дүкендер желісіне арналған өнімдерді сақтау, сұрыптау және қаптау қызметтерін көрсетеді.
Кәсіпорын 10 гектар аумақта орналасқан, оның 49 мың шаршы метріне қойма ғимараты салынған. Құрылыста пайдаланылған материалдар мен тоңазытқыш камераларына арналған жабдықтар Қытай, Түркия, Беларусь және Ресей елдерінен жеткізілген. Барлығы «EDGE Advanced» халықаралық сертификатына ие.
Бұл жоба Орталық Азиядағы «А» санатына кіретін ең ірі тарату орталығы саналады. Мұнда бір мезетте 145 қақпада теңестіру қондырғылары арқылы жүк тиеу және түсіру мүмкіндігі бар.
Орталықта төрт түрлі температуралық аймақ қарастырылған. Сондықтан өнімдер түріне қарай тоңазытқыштарда, төмен температуралы салқындату камераларында немесе құрғақ жерде сақталады.
Сондай-ақ орталықта тәулік бойы жұмыс істейтін 96 сынақ әдісіне ие арнайы зертхана құрылады. Нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Танысу соңында қоғам өкілдерімен өткен сұхбатта тиімді экономикалық саясат пен инвесторлардың елге деген сенімі жайында сөз қозғалды.
– Соңғы сегіз жылда елге 130 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. Бұл қаншама зауыттар мен кәсіпорындарға айналды. Бүгін де тағы бір ірі жоба – жаңа халықаралық әуежайдың құрылысын бастадық. Оған Сауд Арабиясы, Жапония және Корея инвестиция құйып отыр. Мұның бәрі өздігінен болмайды. Бұл – еліміздің болашағына деген зор сенімнің айғағы, – деді Мемлекет басшысы.












