Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөз сөйлеп, барша ардақты аналар мен қадірлі әпке-сіңлілерді шын жүректен құттықтады.

– Адам өмірін, қоғам дамуын әйелдерсіз, олардың игі қасиеттерінсіз елестету мүмкін емес.

Біз сіздердің болмысыңызда Үшінші Ренессанстың негізін қалап жатқан 22 миллион жас ұрпақты аналық мейіріммен тәрбиелеп, ер жеткізген ұлы парасатты күшті көреміз.

Сіздер кәсіпкер, ғалым, мұғалім, дәрігер, инженер, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде еңбек етіп келесіздер. Бір сөзбен айтқанда, сіздер – отбасыларымыздың шырағы, жанұя мен қоғамның берік тірегісіздер десек, бұл сөз жоқ – ақиқат, – деді Мемлекет басшысы.

Кейінгі жылдары елімізде қыз-келіншектердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қоғам өміріндегі рөлін арттыру бағытында мүлде жаңа жүйе қалыптасқаны атап өтілді. Қабылданып жатқан заңдар мен қаулыларда гендерлік теңдік мәселесіне ерекше назар аударылып, әйелдер мүддесіне ықпалы бағаланбайынша ешбір заң қабылданбайтыны белгіленген.

Осы саясаттың нәтижесінде белсенді кәсіпкер әйелдер қатары қалыптасты. Бүгінде олардың саны 230 мыңға таяп қалды. Ауыл шаруашылығында 12 мыңнан астам әйел фермер еңбек етсе, ғылым саласында 6 мыңнан астам ғалым әйел қызмет атқарып жүр.

Қыздар арасында да халықаралық спорт жарыстарында еліміздің абыройын лайықты қорғап жүргендер қатары көп. Атап айтқанда, өткен жылы олар әлемдік ареналарда 167 алтын, 193 күміс және 243 қола медаль жеңіп алды.

Әйелдер өміріндегі мұндай оң өзгерістер халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Атап айтқанда, Парламентаралық одақтың «Парламенттегі әйелдер» рейтингінде Өзбекстан 92 сатыға жоғарылап, 36-орынды иеленді. «Гендерлік теңдік және басқару» индексінде еліміз 103-орыннан 52-орынға көтерілді. Ал Дүниежүзілік банктің «Әйелдер, бизнес және заң» индексінде 43 сатыға жоғарылап, 48-орынға шықты.

Мемлекет басшысы түрлі салада еңбегімен, талантымен және ақыл-күшімен Жаңа Өзбекстанды құруға лайықты үлес қосып жүрген әйелдерге, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып жүрген қыздарға, сондай-ақ олардың ата-аналары мен ұстаздарына шынайы алғыс білдірді.

Қыз-келіншектерді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу мәселесіне ерекше назар аударылып жатыр. Өткен жылы осы мақсатқа 23,5 триллион сум несие бөлініп, нәтижесінде 425 мыңнан астам әйел кәсіпкер атанды.

Биыл да әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған кең ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 166 мың әйел заманауи кәсіп пен кәсіпкерлікке, тағы 100 мыңы ақпараттық технологиялар саласына оқытылады.

Сондай-ақ «Табысты әйел» бағдарламасы іске қосылып, үй кәсіпшілігі, қолөнер, құс өсіру, ара шаруашылығы және үй ауласын баптау бағыттары бойынша 50 мың әйелді жұмыспен қамтамасыз ету көзделен. «Хамрох» бағдарламасы аясында әйелдердің 3 мың бизнес жобасына 1 триллион сум бөлінеді.

Жалпы алғанда, биыл 1,5 миллион әйелді табысты жұмыспен қамту, оның ішінде 400 мыңын кәсіпкерлікке баулу көзделіп отыр. Бұл жұмыстарға 25 триллион сумнан астам қаржы бағытталады.

Мемлекет басшысы қыздардың білім алуына жасалып жатқан мүмкіндіктерге де тоқталды. Бүгінде жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қыздардың саны 904 мыңнан асып, жалпы студенттердің 54 пайызын құрап отыр. Стажер-зерттеушілер мен докторантурада оқып жүргендердің 61 пайызы да әйелдер екені атап өтілді.

Жаңа оқу жылынан бастап әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан қыздарға арналған мемлекеттік грант квотасы екі есе арттырылып, 4 мыңға жеткізіледі. Сондай-ақ әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша магистратурада оқып жатқан студент қыздардың контракт төлемдерін мемлекет өтеп береді.

Жас қыз-келіншектердің инновациялық идеяларын қолдау мақсатында жыл сайын кемінде 10 бағыт бойынша стартап байқаулары өткізіліп, әрбір жеңімпазға Инновация қоры есебінен 500 миллион сумға дейін грант беріледі.

Іс-шарада әйелдер мен балаларға қатысты қысым мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың маңызды басым бағыттарының бірі екені атап өтілді.

Жуырда әйелдер мен балаларды кез келген зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған жаңа Президент жарлығы қабылданды. Енді әйелдер мен балаларға қатысты кез келген қысым мен зорлық-зомбылыққа қарсы қатаң жүйе негізінде күрес жүргізіледі.

Сондай-ақ жазасын өтеу мекемелерінде отырған әйелдерді қоғамға қайта бейімдеу мақсатында «Жаңа өмір» бағдарламасы жүзеге асырылады. Оған сәйкес сотталған әйелдер 3–6 айлық кәсіптік оқу бағдарламалары арқылы мамандық меңгеріп, жоғары оқу орындарына түсуге және қашықтан білім алуға мүмкіндік алады.

– Біз алдымызға, ең алдымен, адам бақыты мен адам қадірі үшін қызмет ететін ұлы бастамаларды қойып отырмыз. Өйткені адам бақыты отбасынан басталады, ал отбасы әйел арқылы қатаяды. Сондықтан қыздарымыздың рухани тәрбиесі бұл жолда шешуші меже екені белгілі, – деді Мемлекет басшысы.

Әлемдегі жағдай күрделене түскен қазіргі уақытта еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықтың қаншалықты бағалы екенін терең сезініп отырмыз. Ардақты әжелер мен аяулы аналардың отбасы ішінде осы игіліктің қадірін түсіндіріп, оны қадірлеуде, балалар мен немерелерге шүкіршілік сезімін сіңіруде үлгі болатынына сенім білдірілді.

Іс-шара барысында ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ әйелге жоғары мемлекеттік атақ, орден мен медальдар табысталды. Сонымен қатар ғылым, білім, мәдениет және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан 28 дарынды қызға Зулфия атындағы мемлекеттік сыйлық салтанатты түрде тапсырылды.

– Жаңа Өзбекстанды әйелдері өмірге риза болып, бақытты ғұмыр кешетін елге айналдыру – менің ең үлкен арманым. Сіздей жанқияр, қайратты, еңбекқор әйелдеріміз және бүкіл халқымызбен бірге алға қойған ізгі мақсаттарымызға міндетті түрде жетеміз деп сенемін! – деді Мемлекет басшысы.