SkyDrive компаниясы Токиода өзінің «ұшатын автомобилінің» алғашқы сынағын өткізді. Қызметті коммерциялық негізде іске қосу 2028 жылға жоспарланған, деп хабарлайды Kyodo агенттігі.

Сынақ Mitsubishi Estate және Kanematsu компанияларының қатысуымен ұйымдастырылды.

Он екі роторлы электрлі SD-05 моделі үш адамға арналған және қайта қуаттамай-ақ 15-тен 40 шақырымға дейін ұша алады.

Өндірушілердің айтуынша, құрылғының ықшам өлшемі мен жеңілдігі оған кең қону алаңын қажет ететін дәстүрлі тікұшақтар мен басқа да әуе кемелері қона алмайтын орындарға қонуға мүмкіндік береді.

Компания сондай-ақ, ұшуларды басқару және жолаушыларға қызмет көрсету терминалын таныстырды. Онда тіркеу және қауіпсіздік тексеруі, сондай-ақ бет-әлпетті тану технологиясы арқылы автоматтандырылған тіркеу жүйесі қарастырылған.

Ұшу көрсетілімдері  мен терминалдың таныстырылымы сенбі күніне дейін жалғасады.

Аталған көлік түрі жолдар мен қоғамдық көліктегі кептелісті азайтуға бағытталған. Құрылғы бұған дейін Осакадағы Дүниежүзілік көрмеде де таныстырылған болатын.

Компанияның бас директоры Томохиро Фукузаваның айтуынша, 2030 жылдан кейін сапар құны такси бағасының жартысына тең немесе одан да арзан болуы мүмкін. Оның сөзінше, бұл көлік таксиге қарағанда 4–5 есе жылдам әрі уақыт үнемдеуі баға айырмасын толық ақтайды, деп хабарлады oz.inform.kz.