Бұл туралы Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, биылғы 3–4 шілде күндері Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратовтың Грузияға жасаған іссапары аясында елдің негізгі көлік инфрақұрылымы нысандары — Анаклия, Поти және Батуми порттары, сондай-ақ Поти еркін өнеркәсіптік аймағының қызметімен танысты.

Сапардың басты мақсаты – Өзбекстанның экспорттық-импорттық жүктерін Грузия арқылы тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейту, логистикалық тізбектерді әртараптандыру және елдің халықаралық көлік дәліздерінде мемлекеттің қатысуын күшейту болды.

Анаклия портында Өзбекстан тарапының Грузияда салынып жатқан терең су порты жобасына қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл порт барлық түрдегі ірі кемелерді қабылдай алатын болады. Бұл өз кезегінде портты Қара теңіз арқылы Еуропаға және басқа да халықаралық нарықтарға шығатын маңызды көлік торабына айналдыруы күтілуде.

Сонымен қатар, аталған порт Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолы жобасымен ықпалдасқан жағдайда, Орталық Азиядан Қара теңізге шығатын жаңа мультимодальды көлік дәлізінің маңызды буынына айналуы мүмкін.

Поти портында Өзбекстанның экспорттық-импорттық жүктеріне арналған қойма және терминал инфрақұрылымын құру болашағы қарастырылды. Бұл жүктерді сақтау, қайта өңдеу және жедел жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Сондай-ақ, Батуми портында Қара теңіз арқылы жүк тасымалы көлемін ұлғайту және көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Сапар қорытындысы бойынша Өзбекстан компанияларының қатысуымен консорциум құру және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық бітімдерін әзірлеу жөнінде  келісімдерге қол жеткізілді.

Соңғы жылдары Өзбекстан сыртқы сауда географиясын кеңейтуге және экспорттық өнімдерді әлемдік базарға жеткізу үшін баламалы көлік дәліздерін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы үдерісте Кавказ арқылы Қара теңіз порттарына шығу мүмкіндіктері стратегиялық маңызға ие.

Грузия порттарымен ынтымақтастықтың кеңеюі мемлекет сарапшылары үшін логистикалық шығындарды оңтайландыруға, жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға және сыртқы базарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.