Іс-шара БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясының 31-сессиясы (COP31) аясында Анталия қаласында өтіп жатыр.

Ашылу рәсіміне түрлі елдердің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының жетекшілері де қатысты.

Саммит аясында делегация басшыларының бірлескен фотосуретке түсу рәсімі өтті.

«Тұрақты, бейбіт әрі әділетті болашаққа» атты ұранмен өтіп жатқан көшбасшылар саммиті климаттың өзгеруіне қарсы күрес пен жаһандық экологиялық міндеттемелерді орындау бағытындағы халықаралық күш-жігерге жаңа серпін беруді көздейді.

COP31 конференциясы 9 қарашада басталып, 20 қарашаға дейін жалғасады. Оған мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, іскерлік және ғылыми орта, азаматтық қоғам өкілдері қатысуда. Саммит күн тәртібінде Париж келісімін жүзеге асыру, атмосфераға шығарылатын парниктік газдар көлемін қысқарту, климат өзгерісінің салдарына бейімделу, климаттық қаржыландыру ауқымын кеңейту және «жасыл экономикаға» көшу үдерісін жеделдету мәселелері тұр.

Су ресурстарының тапшылығы, топырақтың тозуы, мұздықтардың еруі, құрғақшылық пен жаһандық жылынудың басқа да салдары күшейіп отырған жағдайда бұл мәселелер Өзбекстан мен бүкіл Орталық Азия өңірі үшін айрықша маңызға ие.

Саммит аясында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның халықаралық серіктестердің қолдауымен әзірлеген «Орталық Азиядағы климат өзгерісіне төзімді ландшафттар» (CLiCA) өңірлік бағдарламасының іске қосылды.

Бұл жеті жылға арналған бағдарлама. Оны қаржыландыруға бағытталатын қаражаттың жалпы көлемі 264,4 миллион еуроны құрайды. Оның 103,7 миллион еуросы Өзбекстанға бөлінеді. Қаражат ормандар мен жайылымдарды қалпына келтіруге, ауыл шаруашылығында климат өзгерісі жағдайына бейімделген тұрақты тәсілдерді енгізуге, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және ауыл тұрғындарының климат өзгерісіне бейімделу мүмкіндіктерін кеңейтуге жұмсалады.

Өзбекстан жаһандық климат күн тәртібі аясында өзіне алған міндеттемелерді жүйелі түрде орындап келеді. Атап айтқанда, 2035 жылға қарай жалпы ішкі өнім бірлігіне шаққандағы парниктік газдар шығарындыларын 2010 жылғы деңгеймен салыстырғанда 50 пайызға қысқарту көзделген.

Өзбекстан 1993 жылы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылып, 2018 жылы Париж келісіміне қатысушы болды. Бүгінде Өзбекстан Президент Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен қоршаған ортаны қорғау, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, су ресурстарын ұтымды пайдалану және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру бағытында халықаралық және өңірлік бастамаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді.