Табысы жоғары елдерде олардың бес жылдық өмір сүру деңгейі 80 пайыздан асады. Алайда табысы төмен және орташа елдерде бұл көрсеткіш, өкінішке қарай, 20–30 пайызды құрайды.
Әрине, бұл жаһандық мәселені шешу бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Президентіміздің 2025 жылғы 19 мамырдағы «2025–2030 жылдары балалар обырына қарсы күрес бойынша Өзбекстан Республикасының ұлттық бағдарламасын іске асыру іс-шаралары туралы» қаулысы да осы мақсатта қабылданған.
Қаулының орындалуы аясында онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерге медициналық көмек көрсету бойынша 2035 жылға дейінгі Ұлттық жоспар әзірленіп, бекітілді.
Осы құжат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Балалар обырына қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастамасымен үйлестірілді.
Ұлттық жоспарға орай, Өзбекстанда онкологиялық ауруға шалдыққан әрбір балаға географиялық орналасуы мен экономикалық жағдайына қарамастан, дер кезінде диагноз қою және тиімді ем алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсат етілген.
Сондай-ақ балалар обырын ерте кезеңінде анықтау жағдайларының үлесін 65 пайызға дейін арттыру, осындай науқас балаларды 100 пайыз мамандандырылған медициналық көмекпен қамту көзделген.
Атап айтқанда, осы реформалардың нәтижесінде:
балалардағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды ерте анықтау жүйесі жетілдіріледі;
аумақтарда да диагностикалық қызметтердің қамту аясы кеңейтіліп, заманауи зертханалық және инструменталды тексерулерден өту мүмкіндігі арттырылады;
емдеудің барлық озық әдістерін, соның ішінде таргеттік терапия мен иммунотерапияны қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі;
сала үшін білікті медициналық кадрлар даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру шаралары қабылданады;
балалардың канцер-регстрі, электрондық медициналық карта және телемедицина сияқты цифрлық технологиялар енгізіледі;
паллиативтік көмек, психологиялық және әлеуметтік қолдау, сондай-ақ оңалту қызметтері дамытылады.
Жалпы алғанда, Ұлттық жоспар тек емдеу үдерісін ғана емес, сонымен қатар ерте диагностикадан бастап, баланың толық оңалуына және қалыпты, салауатты өмірге қайта оралуына дейінгі бүкіл жүйені қамтиды.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.