«Лицензиялау, рұқсат беру және хабарлама жасау тәртіп-қағидалары туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге орай, құрылыс-монтаж істерін бастау үшін құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бақылау жүргізетін аумақтық инспекциялардан рұқсат алу талап етіледі.

Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, көппәтерлі үйлерді құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бақылау жүргізетін инспекциялардың рұқсатынсыз салу, егер мұндай әрекет үшін бұған дейін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жасалса, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады.

Сондай-ақ қала құрылысы туралы заңнаманы бұзу адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға алып келген жағдайда, бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

Заң ресми жарияланған күннен бастап үш ай өткен соң күшіне енеді.