«NURA Electric» – жоғары және төмен кернеулі электротехникалық жабдықтарды толық өндірістік цикл бойынша шығаратын ірі кәсіпорын. Зауыт энергетика саласын отандық өнімдермен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және өндірістік кооперацияны кеңейтуге үлес қосып келеді.

20 гектар аумақта орналасқан зауыт құрылысына 50 миллион доллар инвестиция салынған. Мұнда 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 1,5 мыңнан астам өнім түрін шығару жолға қойылған. Атап айтқанда, кернеуі 0,4–500 киловольт болатын тарату құрылғылары, қосалқы станциялар, жаңартылатын энергия көздеріне арналған автоматика шкафтары, электр шиналары мен металл конструкциялар өндіріледі. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 25 мыңнан астам жабдықты құрайды.

Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда Жапонияның «Amada» компаниясы шығарған сандық басқару жүйесі бар станоктар мен престер, сондай-ақ Түркияның «Durma» және «Teslabend» компанияларының жоғары технологиялық жабдықтары орнатылған. Олардың жалпы саны 120-дан асады.

Кәсіпорындағы өндіріс пен басқару үдерістері «SAP ERP» бірыңғай цифрлық платформасы арқылы үйлестіріледі. Өндірісті оңтайландыру, өнімдер мен қосалқы бөлшектерді жергіліктендіру нәтижесінде өнімнің өзіндік құнын 10 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілген.

Кешенде аккредиттелген сынақ зертханасы жұмыс істейді. Өнімдер халықаралық ISO стандарттарының талаптарына сай шығарылады. Кәсіпорын жабдықтарды толық жинақтау, өз зертханасында өнімдерді сынақтан өткізу және тәулік бойы сервистік қызмет көрсету мүмкіндігіне ие.

Білікті инженер-техник мамандар даярлау мақсатында «Узэнергоинжиниринг» акционерлік қоғамы және Ташкент мемлекеттік техникалық университетімен ынтымақтастық орнатылған. Жыл сайын университеттің 100-ден астам студенті кәсіпорында ақылы өндірістік тәжірибеден өтеді.

Мемлекет басшысы зауытта жергілікті шикізат пен заманауи технологиялар негізінде шығарылатын трансформатор станциялары, тарату құрылғылары және басқа да энергетикалық жабдықтар көрмесін тамашалады.

Сондай-ақ кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыстар, өндірістік қуаттар мен алдағы жоспарлар туралы тұсаукесермен танысып, жұмысшылармен әңгімелесті. Олардың еңбек жағдайына қатысты пікірлерін тыңдады.

Президент кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктері мен өнім сапасына жоғары баға берді. Ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етумен қатар, Орталық Азия және басқа да шетелдік нарықтарға экспортты кеңейту, салаға жоғары білікті жергілікті мамандарды тарту жөнінде ұсыныстар айтты.

– Біз тек өнімді ғана емес, инженерлік қызметтерді де экспорттауымыз керек. Ол үшін елімізде қалыптасып келе жатқан жобалау және сынақ зертханаларының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қосалқы және жинақтаушы бөлшектердің түрлерін көбейтіп, өндіріс көлемін ұлғайту, сондай-ақ сервистік қызмет аясын кеңейту қажеттігі айтылды.

Энергетика саласындағы жобаларда жергіліктендіру деңгейін арттырудың маңызына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жобаларды әзірлеу кезінде жергілікті жобалау институттарының үлесін кемінде 50 пайызға жеткізу тапсырылды.

– Өз жобалаушыларымызға сенім артып, оларға жағдай жасауымыз керек. Шетелде білім алып, тәжірибе жинаған жастарымыз бар. Солардың айналасына мамандарды топтастырып, тапсырыспен қамтамасыз етсек, бұл саланы дамытуға қауқарымыз жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай өңірлерде энергетика саласына маманданған жобалау институттарының филиалдарын ашу көзделіп отыр.