Ұсынылып отырған концепцияға орай, Жер мен Күннің арасына мыңдаған шағылыстырғыш жасанды серік немесе бөлшектерден тұратын бұлт орналастыру жоспарланған. Олар Күн сәулесінің аз ғана бөлігін бөгеп, планетамыздың жылыну үдерісін баяулатуы тиіс.

Planetary Sunshade Institute бейкоммерциялық ұйымы әзірлеген жаңа баяндамада ауыр зымырандарды жасау технологиясы дамыған жағдайда, мұндай жүйені құру жұмыстары алдағы 20–40 жыл ішінде басталуы мүмкін екені айтылған.

Жаһандық температураның көтерілуіне байланысты бұл идеяға деген қызығушылық артып келеді. Тамыз айында SpaceX компаниясының бас директоры Илон Маск әлеуметтік желілерде жасанды серіктер Жерге жететін Күн сәулесінің мөлшерін азайтып, жаһандық жылыну мәселесін шешуге көмектесуі мүмкін екенін жазған болатын.

Алайда ғалымдар бұл технологияның қаншалықты тиімді әрі іс жүзінде жүзеге асыруға болатындығы жөнінде әзірге ортақ пікірге келген жоқ.

Ұлыбританияның Advanced Research and Invention Agency агенттігі бөлген 400 мың фунт стерлинг көлеміндегі гранттың қолдауымен әзірленген баяндамада ғарышқа орналастыруға болатын Күннен қорғайтын қалқанның алты түрлі жобасы қарастырылған.

Зерттеу авторларының есептеуінше, Жерге жететін Күн сәулесінің шамамен 1 пайызын бөгеп қалу планетамыздағы орташа температураны 1 градусқа төмендетуі мүмкін. Бұл туралы Kazinform хабарлады.

Ұсынылған жобалардың бірі – диаметрі шамамен 40 шақырым болатын 5000 алып орбиталық жасанды серікті орналастыру. Мұндай жүйені жасау үшін шамамен 70 миллион тонна материал қажет болады. Бұл – осы уақытқа дейін ғарышқа ұшырылған барлық нысандардың жалпы массасынан шамамен 1500 есе көп.

Жүйені құрастыру үшін жасанды серіктердің бөлшектерін Жерден ғарышқа тасымалдап, оларды сол жерде жинау қажет болады. Ал баяндама авторлары тасымалдау шығындарын азайту мақсатында Айдан қазып алынған материалдарды пайдалануды ұсынып отыр.

Тағы бір нұсқа – Жер мен Күннің арасына шағылыстырғыш шаң немесе арнайы бөлшектерден тұратын бұлт орналастыру. Бұл тәсіл жасанды серіктер жүйесімен салыстырғанда жүздеген есе аз материалды қажет етуі мүмкін. Дегенмен зерттеушілер әзірге бұл идеяны практикалық тұрғыдан толық негізделмеген болжамды тұжырымдама деп бағалайды.

Екі жүйені де Жерден шамамен 2 миллион шақырым қашықтықта орналастыру ұсынылып отыр. Мұндай орналасу олардың Күн сәулесінің планетаға жетуіне кедергі жасауына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл технологияға байланысты бірқатар қауіп-қатер бар. Мыңдаған зымыранды ұшыру қоршаған ортаның ластануына әкелуі мүмкін. Ал ғарышта орналасқан Күн сәулесін шағылыстыратын қалқандардың ұзақ мерзімді әсері әзірге белгісіз.

Сыншылар мұндай жобаларға басымдық беру үкіметтердің назарын жаһандық жылынудың негізгі себебі саналатын жылыжай газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жұмыстардан бұруы мүмкін екенін ескертеді.

Жобаның құны да оны жүзеге асырудағы басты кедергілердің бірі болып отыр. Баяндамада нақты бағасын есептеуге қажетті мәліметтердің жеткіліксіз екені айтылған.

Ал Ноттингем университетінің инженері Шанталь Каппеллетти мұндай ауқымды ғарыштық Күн қалқанының құны ондаған триллион долларға жетуі мүмкін деп болжайды.