Алдымен армияның жауынгерлік дайындығын арттыру, жеке құрамды жаңа жүйе негізінде оқыту және кәсіби тұрғыда даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берілді.

Атап айтқанда, жауынгерлік дайындық бойынша әскерлерде кешенді стратегиялық және командалық-штабтық оқу-жаттығулар, жиындар, далаға шығу және оқу курстары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл үдерісте әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық дайындығына, нақты ұрыс жағдайында қорқыныш пен эмоцияны басқару, батыл әрекет ету секілді маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ерекше мән беріліп отырғаны айтылды.

Қазіргі заманғы әскери қимылдарды талдау негізінде барлық оқу-жаттығуларда соғыс жүргізудің жаңа тәсілдері меңгеріліп, бөлімдердің мобильдігін, жауынгерлік мүмкіндігін және тапсырмаларды дербес орындау қабілетін арттыруға бағытталған шаралар орындалып жатқаны жайты ақпара берілді.

Жыл сайын елімізде 9 мамыр – Еске алу және қадірлеу күні жалпыұлттық мереке ретінде аталып өтетіні – бейбітшілікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту, Отан азаттығы жолында қаза тапқандарды еске алу, сондай-ақ соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетудің жарқын көрінісі екені атап өтілді.

Биыл мереке қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің әрқайсысына 30 миллион сум көлемінде біржолғы сыйақы төлеу ұсынылды.

Сонымен қатар бүгінде соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, қарттар мен ұстаздарға құрмет көрсету, жалғызбасты және аз қамтылған ардагерлердің тұрғын үйлерін жөндеу, түрлі еске алу шараларын ұйымдастыру жоспарланған. Тәуелсіздік жылдарында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ерлердің рухы да ұлықталады. Олардың отбасыларына материалдық әрі моральдық көмек көрсетіледі.

Отанымыз тыныштығы мен халық амандығы жолында жанын қиған әскери қызметшілердің ерлігі мен батырлығын насихаттауға бағытталған патриоттық іс-шаралар өткізіледі. Ел көлемінде «Борыш, ерлік, қайсарлық!» ұранымен мәдени-ағартушылық кештер, үш буын кездесуі, шығармашылық кештер, байқаулар және спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Таныстырылым барысында резервтегі және запастағы офицерлерді даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған қосымша шаралар да қаралды. Қазіргі әлемдегі әскери қақтығыстар тәжірибесі соғыс жағдайында қажетті мобилизациялық сұраныстарды ескере отырып, бейбіт кезеңде дайын офицерлер қорын қалыптастырудың маңызын көрсетіп отыр.

Бүгінде 4 жоғары оқу орны мен 2 жоғары әскери оқу орнының әскери даярлық оқу орталықтары мен факультеттерінде 42 мамандық бойынша запастағы офицерлер даярлануда. Бұған қосымша Үргеніш, Термез, Әндіжан мемлекеттік университеттерінде, Самарқанд экономика және сервис институтында және Әндіжан медицина институтында тағы 5 әскери дайындық орталығын ашу ұсынылды.

Сондай-ақ, мемлекеттік жоғары оқу орындарында «Шақырылғанға дейінгі әскери дайындық» бағыты бойынша 3 жылдық бакалавриат негізінде запастағы офицерлерді даярлау жүйесі енгізіледі. Әскери медицина институтында алғаш рет клиникалық ординатура мен магистратураға қабылданған, сондай-ақ әскери даярлықтан өтуге ниет білдірген студенттер ақылы негізінде оқытылады. Мұндай мүмкіндік жекеменшік жоғары оқу орындарының студенттеріне де ұсынылады.

Қазіргі заман талабына сай жасанды интеллект, дрон және робототехника секілді бағыттар бойынша да запастағы офицерлерді даярлау жолға қойылады. Әскери дайындық оқу бөлімдері үшін озық шетелдік армия тәжірибесіне негізделген жаңа оқу жоспары мен бағдарламалары әзірленеді.

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Биыл 13 қаңтар күні Президентіміз, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бұл бағыт басым міндеттердің бірі ретінде белгіленген болатын.

Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі офицерлерінің қызмет өтілі үшін төленетін ай сайынғы үстемақыны екі есеге арттыру, келісімшарт негізінде қызмет ететін сарбаздар мен сержанттардың жалақысын 10 пайызға көтеру ұсынылды.

Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды қолдап, олардың жүзеге асуы әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыра түсетінін атап өтті және тиісті құжаттарға қол қойды.