Қазіргі таңда елімізде жастар мәселесі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі болып, олардың заманауи білім мен кәсіп игеруі және жұмыспен қамтамасыз ету бойынша жүйелі реформалар жүргізіліп отыр.
Атап айтқанда, биыл 13 қаңтарда өткен Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысында әскери қызметтің беделін арттыру және жастардың қоғамда лайықты орын табуына жағдай жасау бойынша нақты міндеттер белгіленген болатын.
Осы реформалардың жалғасы ретінде жиында мерзімді әскери қызметке шақырылған жастарды кәсіпке оқыту, сапалы білім алуына жағдай жасау және армияда кітап оқуды дамыту бойынша әзірленген ұсыныстар қаралды.
Атап айтқанда, 2026–2027 оқу жылынан бастап мерзімді әскери қызметшілерге бірқатар жеңілдіктер мен кепілдіктер беру жоспарланып отыр.
Енді әскери қызметшілер қызмет барысында жоғары оқу орындарына түсіп, қашықтан білім ала алады. Бұл үшін әскери бөлімдерде білім беру ұйымдарымен бірлесіп дайындық курстары ұйымдастырылып, жоғары оқу орындарына түсу емтихандарына дайындық жүйесі енгізіледі.
Келісімшарт негізінде оқуға қабылданған сарбаздарға пайызсыз жеңілдетілген несиелер беріледі. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарына түскен әскери қызметшілер әскери факультет студенттерімен теңестіріліп, оқуын аяқтаған соң оларға запастағы лейтенант әскери атағы беріледі.
Сондай-ақ, үздік қызмет атқарған, республикалық және халықаралық спорт жарыстары мен пәндік олимпиадаларда бірінші орын алған сарбаздарды тест сынағынсыз оқуға қабылдау тәртібі енгізіледі.
Жаңадан енгізілетін жеңілдіктердің тағы бірі – сарбаздар үшін әскери қызметтегі «Бір сарбаз – бір кәсіп» қағидаты бойынша 3–6 айлық оқу курстары ұйымдастырылып, оларға мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі.
Мемлекеттік ұйымдарға жұмысқа орналасуға ниет білдірген жастарға Басқару тиімділігі агенттігі өткізетін тест сынақтарында 10 пайыздық жеңілдік балдары қосылады.
Жиында әскери қызметшілердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру, оларды осы бағытта қолдау және ынталандыру шаралары да қаралды.
Атап айтқанда, биылдан бастап жыл сайын Қарулы Күштердің барлық санаттағы әскери қызметшілері арасында төрт кезеңнен тұратын «Руханият қалқаны» республикалық кітап оқу байқауы өткізіледі.
Байқаудың бірінші кезеңі әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарында, екінші кезеңі әскери округтерде, бірлестіктер мен құрамаларда, үшінші кезеңі Қарулы Күштер құрамындағы министрліктер мен ведомстволарда өтеді. Ал соңғы республикалық кезеңде іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары өзара бақ сынайды. Финалдың 4 жеңімпазы Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы атынан бас жүлде – заманауи электромобиль және дипломмен марапатталады. Жүлделі орын алған әскери қызметшілерге ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталады.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды мақұлдап, тиісті қаулыларға қол қойды. Жаңа шаралар еліміздің дамуына қажетті жоғары білімді, білікті, интеллектуалды және отансүйгіш кадрлар резервін қалыптастыруға қызмет етуі тиіс екені атап өтілді.
Жиында сондай-ақ қорғаныс министрі елдің әскери қауіпсіздігін нығайту және әскерлердің жауынгерлік дайындығын арттыру бойынша белгіленген тапсырмалардың орындалу барысы туралы ақпарат берді.