Өзбекстанда мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және азық-түлік өнеркәсібіндегі қосылған құн тізбегін кеңейтуге ерекше мән берілуде. Осы бағытта заманауи технологияларды енгізуге, жергілікті шикізатты өңдеуге және өндірушілерді қолдауға кең мүмкіндік жасалған.
Хорезм облысы сүт өндіру әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында мал шаруашылығын мамандандыру және сүтті өнеркәсіптік негізде өңдеуді кеңейтуге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.
«Тилло домор» кәсіпорнының жалпы құны 11 миллион долларды құрайды. Кәсіпорын жылына шамамен 100 миллиард сумдық өнім өндіруге қауқарлы. Өндіріс орны Болгариядан әкелінген заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған.
Мұнда ірімшік, қаймақ, сметана, сүзбе, қатық, айран және басқа да 70-тен астам сүт өнімі шығарылады. Шикізат күн сайын 100-ден астам фермерлік шаруашылық пен жергілікті тұрғындардан сатып алынады. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығымен айналысатын халық үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында 120 жұмыс орны құрылған. Өндірістік кешенге қуаты 100 киловатт болатын күн панельдері де орнатылған. Алдағы уақытта тағы 100 жаңа жұмыс орнын ашып, өнім түрлерін көбейту жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда облыста 1 200-ге жуық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы жергілікті шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіру көлемін арттырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ мұндай кәсіпорындарды шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету, өнім түрлері мен өндіріс көлемін ұлғайту қажеттігін айтты. Осы бағыттағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.