Жобаға сәйкес, акцияға 18 жасқа толған және одан асқан Өзбекстан азаматтары ерікті түрде қатыса алады. Ол үшін олар «Экобелсенді азамат» платформасы арқылы тіркелуі тиіс.
Негізгі талап — бір жыл бойы күн сайын кемінде 10 мың қадам жүру. Қатысушылардың нәтижелері арнайы мобильді қосымша арқылы есептеліп отырады.
Жыл соңында республика бойынша ең көп қадам басқан бірінші, екінші және үшінші орын иегерлерін бағалы сыйлықтармен марапаттау ұсынылуда. Сондай-ақ, Қарақалпақстан Республикасы, Ташкент қаласы және әрбір облыста ең жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар да жеке ынталандырылады.
Жеңімпаздарды анықтауда бір жыл бойғы нәтижелер ескеріледі. Жүлделерді жыл сайын желтоқсан айында Экология және климаттың өзгеруі ұлттық комитеті жанындағы арнайы қордың қаражаты есебінен беру жоспарланған.
Жобада нәтижелердің шынайылығын қамтамасыз ету үшін де жеке талаптар белгіленген. Атап айтқанда, электронды жүгіру жолақшасы, автокөлік, велосипед, самокат және басқа да техникалық құралдар көмегімен қадам жинауға тыйым салынады.
Қадамдар санын қолдан көбейткен қатысушылар акциядан шеттетіліп, олардың нәтижелері жойылуы мүмкін. Әрбір қатысушы тек бір жеке аккаунт және бір құрылғы арқылы қатысуы қарастырылған.
Акция нәтижелері арнайы платформада қалыптастырылып, жеңімпаздар туралы ақпарат ашық жарияланып тұрады деп ұсынылуда.
Талқылау 13 қарашаға дейін жалғасады. Құжат әзірге жоба болып табылады. Демек, ондағы талаптар мен ынталандыру тәртібі қоғамдық талқылау және белгіленген келісу үдерістерінен кейін өзгеруі мүмкін. Жоба қабылданып, ресми жарияланғаннан кейін ғана күшіне енеді.
Құжат жобасымен осы сілтеме арқылы танысуға болады.