26 наурыз күні Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасында Ауғанстан Сауда және инвестициялар палатасының төрағасы Мухаммад Карим Хошимий басшылығындағы делегацияның қатысуымен Өзбекстан–Ауғанстан Іскерлік кеңесі құрылып, оның алғашқы жиналысы өтті.
Бұл туралы Сауда-өнеркәсіп палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Айтылуынша, Кеңес құрамына жалпы 32 өкіл кірітілген. Атап айтқанда, Өзбекстан тарапынан Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығы мен салалық қауымдастық өкілдері, ал Ауғанстан тарапынан Сауда және инвестициялар палатасы мен жетекші жеке компаниялардың басшылары енгізілді.
Онда құрылыс материалдары, фармацевтика, азық-түлік, тоқымашылық, электротехника және мұнай өнімдері сияқты басты салалар қамтылған, бұл екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өзара сауданы кеңейту үшін кең мүмкіндіктер береді.
Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, кәсіпкерлер арасында тікелей ынтымақтастықты дамыту мен жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Тараптар қысқа мерзімде өзара сауда көлемін 5 млрд АҚШ долларына жеткізуді жоспарлап, бұл мақсатқа жету үшін нақты іс-шаралар жоспарын келісіп алды. Атап айтқанда, экспорт әлеуетін кеңейту, цифрлық кеден жүйелерін енгізу, қаржылық және сақтандыру қызметтерін дамыту, сондай-ақ сауда үдерістерінде ашықтықты қамтамасыз ету басым міндеттер ретінде белгіленді.
Сондай-ақ көрмелер, бизнес-форумдар және B2B кездесулерді тұрақты түрде ұйымдастыру арқылы іскер топтар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Жиынға қатысқан Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Даврон Вахабов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, ол кәсіпкерлер арасында тікелей диалог орнатуға, жаңа серіктестерді қалыптастыруға және инвестициялық белсенділікті арттыруға қызмет ететінін айтты.
Аталған келісім мен белгіленген басым бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру және өзара сауда көлемін айтарлықтай арттыру күтілуде.